ҚазҰТЗУ-дың Ғылыми кеңесінің отырысы
2017 жылы 26 мамыр күні Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың мәжіліс залында ҚР ҰҒА Жер туралы ғылымдар бөлімшесіне корреспондент-мүшелікке үміткерлерді таныстыру және олардың баяндамаларын тыңдауға арналған жиын болып өтті.
Жиынға ҚР ҰҒА Жер туралы ғылымдар бөлімшесінің төрағасы, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ ректоры Ескендір Бейсембетов төрағалық етіп, үміткерлерді таныстырды.
Үміткер 8 адам: «У.М.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты» ЖШС-нің директоры Малис Әбсаметов, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтының директоры Талғат Еңсепбаев, «Рудный индустриалды институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ректоры Абдрахман Найзабеков, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың «Білдек жасау, материалтану және машина жасау өндірісінің технологиясы мен Металлургиялық процестер, жылу техникасы және арнайы материалдар технологиясы» кафедрасының меңгерушісі, профессор Серік Машеков, «Қазақстан Республикасының минералдық шикізаттарды кешенді қайта өңдеу жөніндегі Ұлттық орталығы» РМК филиалының директоры Баймахан Сәтбаев, «Қазақ жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ның президенті Бағдат Телтаев, Д.А.Қонаев атындағы Тау-кен ісі институтының бөлім меңгерушісі, директордың ғылым жөніндегі орынбасары Ляззат Шамғанова және Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың Ө.Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институты «Тау-кен ісі» кафедрасының профессоры Серік Молдабаев өздерінің ғылыми жұмыстарымен таныстырды.
Жиынға ҰҒА-ның 7 академиктері мен 6 корреспондент-мүшесі қатысты.