ҚазҰТЗУ студенттері Red Bull жеңімпаздары атанды
Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ студенттерінің «MadTima» құрама командасы 24 қыркүйекте өткен қазақстандық Red Bull Soapbox жарысының жеңімпазы атанды. Мұндай жарыс тұтастай Орталық Азияда тұңғыш рет өткізіліп, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 60 құрама команда қатысқан болатын. Ал әділ қазылар алқасы белгілі блогер Бейбіт Әлібеков, телепродюсер Дана Рыскелдинова, автошабандоз Арман Смайылов жарнамашы Асхат Ускенбаевпен толықты.
Soapbox жарысы – халықаралық дәрежеге жеткен жарыстардың бір түрі, мұнда әуесқой автошабандоздар өз қолдарымен жасаған көліктерінде жарысқа түседі. Ал олардың қиялына шек жоқ: бұл жарысқа балалар арбасы, алып танктер, кәдімгі машиналардың көшірмелері іспетті жасалған құрылғылар, тіпті Сан-Францискодағы алтын көпірдің кескіні сияқты жасалған «машина» да қатыстырылған болатын. Олардың бәрін жарыстырудың түк қиындығы жоқ, бұл жағынан Алматы қаласы өте ыңғайлы екені анықталды. Қатысушылар кез келген көшенің жоғарғы жағынан бастап, төменге қарай ылдилай жарысады екен. Ең басты талап – жылдамдық, жолда құлап қалмай бәрін басып озып, алға шығу.
«MadTima» құрама командасы – машина жасау факультетінің 3-курс студенттерінен құралған жас команда. Құрамында команда капитаны Темірлан Салид, жүргізуші Хайдар Валиев, штурман Тимур Әлімбеков пен Асқар Шәмші бар. Команда бұл бәйгеге «Астана Моторс» Президенттік клубының қолдауымен қатысып, үстеріне Париж–Дакар жарысына қатысушылар киетін әскери форма киді. Ал машинаны олар өздері жасады, оның салмағы небары 78,6 кг – бұл жарысқа қатысу үшін қойылатын талаптардың бірі. Команда мүшелері отырғанда оның жалпы салмағы 230 кг құрайды. Бұл жылдамдық алу үшін қажетті орташа салмақ болып саналады.
Темірлан Салид өздері туралы былай дейді:
– Бұл бізге түскен тамаша сәттілік, ал біздің тәлімгеріміз шабандоз Артур Ардавичус болды. Әрі ол әділ қазылар алқасының құрамында болып, арнайы қонақ ретінде жарысты бастап берді. Жарысқа бір күн қалғанда бізді жарыс болатын жолмен таныстырып, өзінің білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісті. Жарыс бітісімен ол келесі жарысқа қатысу үшін Монакоға ұшып кетті.
– Бұл жарысқа қатысуға қалайша келістіңіздер?
– Red Bull компаниясы көптеген қызықты іс-шараларды ұйымдастыратыны белгілі. Ал осы жолғы Soapbox Race жарысы кәсіптілігі жағынан біздің айналысып жүрген ісімізге сәйкес келді. Сондықтан да машина жасау ісін үйренумен қатар, оны жасап шығаруға, тіпті оны жарысқа қатыстыруға болатыны біз үшін өте қызықты болды. Бұл тамаша тәжірибе, өмірлік сабақ деуге болады. Әрине, бұл жолғы біздің дайындығымыз, тәжірибеміз нашарлау болды, дегенмен де біз команда болып жұмылып, жеңіп шықтық.