«Көшпенді», дрондар және жасанды интеллект: Сәтбаев университетінің Әскери іс институтында Ашық есік күні өтті
Сәтбаев университетінің Әскери іс институты Республика күні мерекесін атап өту аясында Алматы қаласындағы жалпы білім беретін мектептердің оқушылары мен әскери-техникалық оқу орындарының студенттерін заманауи әскери ғылым жетістіктерімен таныстыру мақсатында олар үшін өз есігін айқара ашты. Мерекелік жиынға Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев қатысты. Жиында институттың оқу және зерттеу жұмыстарының көрмесі, жауынгерлік техникамен таныстыру және қонақтарға заманауи технологиялардың әскери дайындық ісіне қалай енгізіліп жатқанын көрнекі түрде көрсететін интерактивті білім беру алаңдары біріктірілді.
Бағдарламаның басты бөлігі – «Көшпенді» («Кочевник») атты автономды шекаралық машинаның тәжірибелік үлгісімен таныстыру болды. Бұл Сәтбаев университеті ғалымдарының Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара академиясымен және «КамАЗ» компаниясының қазақстандық өкілдерімен бірлесіп жасаған ғылыми жобасы. Жобаға Сәтбаев университеті атынан Нұрбол Камзанов пен Шекара академиясынан Максим Бурян жетекшілік етті.
Бұл машина мемлекеттік шекараларды күзету қызметін 9 адамға дейінгі экипажбен, екі аптаға дейінгі автономды жұмыс режимінде атқаруға арналған. Ол жылукамерамен, антидрондық қорғаныс жүйесімен, байланыс құралдарымен, күн энергиясы жүйесімен жабдықталған, сондай-ақ онда экипаж бен ұсталғандарға арналған бөлек бөлімдер бар. Әзірлеушілердің айтуынша, мұндай машиналарды сериялы түрде өндіру шалғай учаскелерді қорғауға кететін шығындарды стационарлық заставалар салумен салыстырғанда едәуір азайта алады.
– Жаңа форматқа – жылжымалы мобильді пункттер форматына көшу мемлекеттік шекараны қорғаудың тиімділігін бірнеше есеге арттыра алады, – деп атап өтті қазақстандық осы жобаны таныстырған Нұрбол Камзанов.
Тағы бір ерекше экспонат – «Жасанды интеллект» атты виртуалды шындық бағдарламасы, яғни ғимараттарды шабуылдау, өзара командалық әрекет ету және барлау құралдарын басқару дағдыларын полигонға шықпас бұрын қауіпсіз цифрлық ортада пысықтауға бейімделген бағдарлама болды.
– Нақты шабуыл үлкен қаржылық шығынды қажет етеді және адам өміріне қауіп төндіреді, – деді Әскери іс институтының аға оқытушысы, запастағы полковник Қанат Даиров. – Ал VR-көзілдіріктер арқылы дағдыларды пысықтау – өте қарапайым әрі баршаға қолжетімді. Бүгінгі таңда ол – инновациялық, заманауи және тиімді оқыту әдісі. Студенттер барлық қажетті дағдыларға машықтанады, сөйтіп бөлімшелердің үйлесімділігі де әлдеқайда жылдам әрі сапалы түрде қалыптасады.
Сәтбаев университетінің студенттері оқу процесін үздіксіз жетілдіріп отырады – қонақтар сондай-ақ «Геотактика» атты заманауи компьютерлік ұрыс симуляторы негізінде жасалған төрт студенттік жобамен танысты. Бұл жобалар жасанды интеллектті әскери дайындық пен топография саласында қолдануға арналған.
Қонақтар бағдарлама бойынша инновациялық жетістіктермен қатар, Т-72А танкі мен БМП-2 экипаждарының көрсетілімдерін, артиллериялық және минометтік есептердің жұмысын, «Арлан» және «Хаммер» дөңгелекті машиналарының демонстрациясын, Қорғаныс министрлігінің қару-жарақ және байланыс құралдары үлгілерін, сондай-ақ ҚР ҰҚК Шекара академиясының кинологиялық қызметінің дәстүрлі көрсетілімін тамашалады. Кинологтар жарылғыш заттар мен есірткі заттарын анықтау тәсілдерін көрсетті.
Мерекелік жиын соңында сарбаздар ботқасы – жауынгерлік бауырластық пен ұрпақтар сабақтастығының символына айналған тағам достық дастархан басында көпшілікке құрметпен ұсынылды.
Сәтбаев университетінің Әскери іс институты қазіргі технологияларды, инженерлік білім мен жастардың патриоттық тәрбиесін үйлестіре отырып, әскери тәрбие беру дәстүрлерін одан әрі жалғастыруда. Ұйымдастырушылар студенттер мен мектеп оқушыларына жаңа әзірлемелерді таныстырып қана қоймай, оларды алдағы жобаларға қатысуға шақырып, жас ұрпақты Отанға қызмет етуге шабыттандырды.



