ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин Сәтбаев университетінің ғылыми және технологиялық әлеуетін жоғары бағалады
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин Сәтбаев университетіне келіп, университеттің қызметімен, ғылыми әзірлемелерімен және инфрақұрылымымен танысты. Сапар аясында Сәтбаев университетінің кәсіподақ ұйымы мен Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынас туралы меморандумға қол қойылды. Осы құжат арқылы екі жақ тараптар Қазақстанның цифрлық трансформациясын бірлесе қолдауға және елдің кәсіподақ қызметін заманауи форматқа көшіруге, яғни цифрлық құралдар мен «бір терезе» қағидатын енгізуге ниетті екендері бекітілді.
Экскурсия барысында қадірлі қонағымыз Тау-кен металлургия кешенінің негізгі объектілерін, атап айтқанда, химия-талдамалық зертхананы, экологиялық мониторинг жүргізу зертханасын, нанотехнологиялар, геомеханика және гидрометаллургия бойынша бөлімшелерді, сондай-ақ Technopark Stroytech инновациялық зертханасын аралады. Мамандар оған қазір жүргізіліп жатқан жобалар туралы айтып берді, оның ішінде кенді цифрлық талдау технологиялары, заманауи экологиялық әдістер және өнеркәсіпке арналған қолданбалы зерттеулер бар.
Сатыбалды Даулеталин – Сәтбаев университетінің түлегі, ол өзі оқыған alma mater-де соңғы жылдары болған үлкен өзгерістерді атап өтті. Сондай-ақ қазіргі заманғы материалдық-техникалық база, инновациялық зертханалар мен ғылыми-зерттеу орталықтары ғалымдарға инновациялар жасауға және еліміздің өнеркәсібіне қажетті озық технологияларды енгізуге толық мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.
Сапар барысында С. Даулеталин сонымен қатар техникалық университеттің шығармашылық қырымен де танысты: ол Д.К. Сулеев атындағы Ғылым және шығармашылық орталығын, ArtLab шығармашылық орталығын, дыбыс жазу студиясы мен бірегей MIT FabLab инженерлік зертханасын аралады. Бұл жерде студенттер өз инженерлік жобалары мен инновациялық стартаптарын жүзеге асырады. Міне, осы кеңістіктер университетте технологиялық шығармашылық экожүйесін қалыптастырып, студенттерге идеяларын нақты өнімге айналдыруға жағдай жасайды, бұл өз кезегінде жаңа буын мамандарды даярлау үшін өте маңызды.
Сатыбалды Даулеталиннің бұл сапары университеттегі түлектер сабақтастығын және жоғары білікті инженерлер даярлаудағы оның маңызды рөлін айқындайды. Еліміздің ең ықпалды қоғам қайраткерлерінің бірі өзі білім алған альма-матерге келуі университеттің өз түлектерімен тығыз байланысының символына айналды және инженерлік ой-сана мен инновацияның ұлттық орталығы ретінде оның маңыздылығын дәлелдейтін оқиға болды.



