Мектеп оқушыларынан бастап жас инженерлерге дейін: Сәтбаев университетінде «Kazakhstan Smart Space 2026» халықаралық байқауының финалдық кезеңі өтті
Алматы қаласында Сәтбаев университетінде ірі халықаралық ғылыми-техникалық іс-шара – «Kazakhstan Smart Space 2026» V мерейтойлық байқауының финалдық кезеңі өтті, оған жас ғалымдар, инженерлер мен студенттер жиналды. Қазақстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 80-нен астам команда үшін университет алаңы үш күн бойы тартылыс орталығына айналды. Финалдық кезеңде олар ғарыштық технологиялар, инженерия және IT салалары бойынша инновациялық жобаларын ұсынды.
Байқау аясында қатысушылар тек идеялармен ғана шектелмей, нақты әзірлемелерін – макеттерді, жұмыс істейтін үлгілерді, прототиптер мен ғылыми зерттеулерін көрсетті. Жобалар 12 тақырыптық бағытты қамтыды және заманауи жобалауды, бизнес-модельдеу құралдарын, соның ішінде Lean Canvas тәсілін қолдана отырып әзірленді. Әрбір команда өз шешімдерін сарапшылар алқасы алдында қорғап, олардың практикалық маңыздылығын, инновациялығын және іске енгізу әлеуетін дәлелдеді.
Іс-шараның бағдарламасы өте мәнді әрі ауқымды болды, ол тек байқау сынақтарын ғана емес, сонымен қатар бірқатар маңызды ғылыми-білім беру бағыттарын да қамтыды. «Kazakhstan Smart Space 2026» байқауы аясында сарапшылардың қатысуымен халықаралық дөңгелек үстел, I Еуразиялық технологиялық кәсіпкерлік форумы, IV Халықаралық ғарыш конференциясы өтті. Байқаудың «Сәтбаев оқулары» бағдарламасына біріктірілуі оның мазмұнына ерекше мән берді, сондай-ақ бұл іс-шараны БҰҰ-ның «Ғарыш–2030: ғарыш тұрақты дамудың қозғаушы күші ретінде» атты стратегиясы аясында өткізілуін қолдай түсті.
Қатысушылар үшін байқау кәсіби тұрғыда өсуге арналған серпінді орта ғана емес, технологиялық демалыс алаңын да ұсынды. Байқаудың бағдарламасына ғарыштық инженерия, жасанды интеллект және экологиялық мониторинг салаларындағы жобалармен қатар, Еуразиялық дрон-рейтинг турнирі де енгізілді, онда қатысушылар өздерінің реакциялық жылдамдығын, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару дағдылары мен дәлдігін көрсете алды. Жеңімпаздар дипломдармен, медальдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталып, «Байқоңыр» ғарыш айлағына бару мүмкіндігіне ие болды. Бұл олардың әрі қарай кәсіби және ғылыми тұрғыда дамуына қосымша ынталандыру ретінде болды.
Сәтбаев университеті жастардың ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда жетекші алаң ретіндегі рөлін «Kazakhstan Smart Space 2026» байқауы тағы да дәлелдеді. Ол жоғары технологиялық салаларды дамытуға және инновацияларды қолдауға үлес қосып, Қазақстан мен Орталық Азияның тұрақты дамуына тікелей әсер етіп отыр және Тұрақты даму мақсаттарының сапалы білім беру, индустрияландыру мен инновациялар сияқты қағидаттарына толық сәйкес келеді. Еліміз бен осы өңірдің технологиялық болашағын қалыптастыратын жаңа буын мамандар дәл осындай алаңдарда өсіп, шыныға түседі.



