Мұнай-газ секторы – еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің негізі
Еліміздің мұнай-газ саласының ардагерлері Сәтбаев Университетінің студенттеріне Қазақстанның жетекші мұнай-газ кәсіпорындарында тәжірибеден өтуге көмектесуге дайын. «Мұнай-газ кешенінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалының басшылары Мұсабек Исаев пен Олег Герштанский Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтының студенттерімен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесу барысында жас мамандарға тәжірибе беруге бағытталған кез келген бастаманы қолдайтындарын айтты.
Мұнай-газ саласының ардагерлері Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда мұнай саласының қалыптасуы мен даму перспективалары туралы әңгімелеп берді.
— Әлемнің жетекші елдерінің соңғы жылдардағы экономикалық көрсеткіштерінің салыстырмалы талдауы өнеркәсіпте де, көлікте де, ауыл шаруашылығында да, тұрмыстық салаларда да көптеген жылдар бойы көмірсутектер қоғам үшін негізгі энергия көзі болып қала беретінін көрсетті, — деп атап өтті ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Мұнай өнеркәсібі департаментінің бұрынғы басшысы Мұсабек Исаев.
Сондықтан, ардагерлердің пікірінше, мұнай-газ саласына қажетті жоғары білікті мамандарды даярлаудың жоғары сапасын сақтау өте маңызды.
— Түлектердің кәсіби біліктілігін арттыру үшін, оларды оқыту ісіне тәжірибелі өндірісшілерді белсендірек жұмылдыру керек», — деді техника ғылымдарының докторы, «Мұнай-газ ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Олег Герштанский.
Түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесінде өндіріс орындарының жас маманға қызығушылық танытуы өте маңызды болып саналады.
Ардагерлердің ойынша, салалық басқармалар секілді мұнай-газ саласы да түлектерді міндетті түрде жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қамтамасыз етуі керек.
Сәтбаев Университетінде жас мамандарды даярлау сапасын түлектердің кәсіби жетістіктеріне сүйене отыра жоғары бағалаған ардагерлер студенттер оқуларын аяқтаған соң, оларды жұмысқа орналастыру мүмкіндігі туралы ұсыныс жасады.
Кездесуге Геология және мұнай-газ ісі институтының директоры А.Х.Сыздықов, орынбасарлары Я.Қ.Аршамов, М.С.Молдабеков, кафедра меңгерушілері Г.Ж.Елигбаева, А.А.Бекботаева қатысып, «Мұнай-газ кешенінің ардагерлері» РҚБ-мен тығыз байланыс жасауға, сөйтіп студенттерді патриоттық тұрғыда тәрбиелеу және кәсіби маман ретінде даярлау үшін бірлескен іс-шаралар өткізуге дайын екендіктерін білдірді.
«Мұнай-газ кешенінің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі ел экономикасына еңбек сіңірген белгілі ардагерлердің, мұнай-газ саласы мамандарының бастамасымен және Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның, сондай-ақ «KAZENERGY» қауымдастығының қолдауымен 2019 жылы құрылды. «МГКА» РҚБ құрудағы мақсат – жас мамандарға өндірістік тәжірибе беру және Қазақстанда мұнай-газ өнеркәсібі дамуының тарихи қиын кезеңдерін есте сақтау, осы саланы дамыту, инновацияларды енгізу барысында мұнай-газ кешені ардагерлерінің қызметіне көмек көрсету, ғылыми-техникалық тұрғыда тәлімгер бола білу.