Нариман Дауылбековтың туғанына 80 жыл толуына орай
18–19 мамыр күндері Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да техника ғылымдарының докторы, профессор, университетте талай жыл қызмет еткен белгілі ғалым Нариман Дауылбековтың туғанына 80 жыл толуына орай «Тау-кен металлургия кешендерінің инновациялық дамуы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталмыш іс-шараны университет басшылығының қолдауымен Ө.Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институты ұйымдастырды.
Конференцияны университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ринат Искаков құттықтау сөзімен ашты. Өз сөзінде проректор Нариман Дауылбековтың ерен еңбегі мен адами қасиеттерін ерекше атады. Шараға арнайы шақырылған ғалымның жары мен тәлім алған шәкірттеріне университет атынан ризашығын білдірді. Одан әрі сөз алған Ректор аппараты басшысының орынбасары Ұлықпан Сыдықов, ҰҒА-ның академигі Баян Рақышев, профессор Леонид Крупник, профессор Дулат Шоқаев ғұлама ғалымның ғылымда жеткен жетістіктері мен кісілік тұлғасы, адамгершілік мінезі мен азаматтығы туралы айтып өтті.
Конференцияның пленарлық мәжілісін Ө.Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институтының директоры, профессор Зинеш Әбішева жүргізді. Аталған конференцияға Астана, Қарағанды, Теміртау, Павлодар, Рудный және т.б. қалаларымен қоса, Ресейден де келген қонақтар қатысты. Оңтүстік астана университеттерінің студенттері де шарадан тыс қалмады. ҚазҰТЗУ-мен қоса, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бастаған басқа да жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары келді. Пленарлық мәжілістен кейін конференцияға қатысушылар өздерінің бағыттары бойынша әр секцияда баяндамалар жасады. Айта кетер тағы бір ақпарат, ғалымның өзі білім алған атақты Мәскеу болат және қорытпалар институты мен Санкт-Петербор политехникалық университеті, Қарағанды мемлекеттік университеті, Рудный индустриалды институты және т.б. жоғары оқу орындары, сондай-ақ еліміздегі ең алып компаниялардың бірі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бастаған Қазақстанның ірі-ірі өндіріс орындары көрнекті ғалым Нариман Дауылбековты 80 жылдығына орай еске алу хаттарын университет атына жолдады.
Бар өмірін ғылымға, қала берді шәкірт тәрбиелеуге арнаған ғалым еліміздің илемдеу өндірісінде өзіндік сара жол салып кетті. 2007 жылы өмірден озған ғалымның артында өшпес мұрасы қалды, оның ерен еңбегін өзі қызмет еткен оқу орны мен шәкірттері ешқашан ұмытпақ емес. Конференция қатысушылары осындай игі шараның өткеніне шынайы ризашылықтарын білдірді. Шара соңында қатысушыларға университет атынан дипломдар мен Алғыс хаттар табысталды.