Nazarbayev University профессорлары Сәтбаев университетінде бірқатар дәрістер өткізіп, бірлескен жобаларды іске қосу мәселесін талқылады
Сәтбаев университетінде Nazarbayev University-нің отандық және шетелдік оқытушыларының қатысуымен ашық дәрістер өтті. Бағдарлама аясында ғылым мен технологиялардың заманауи сын-қатерлерін көрсететін өзекті тақырыптар ұсынылды.
Дәрістердің тақырыбы заманауи технологиялық және қоғамдық мәселелерге арналды, атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібінің тиімділігін арттыру үшін геометаллургиялық тәсілдерді енгізуден бастап, электрондық технологиялардан фотондық технологияларға көшуге дейінгі тақырыптар қамтылды, сондай-ақ электрондық үкіметті дамыту, қоғамдық және климаттық үдерістерді талдауда ашық деректерді пайдалану, тұрақты әрі бірлескен дамудың негізі ретінде циркулярлық экономика қағидаттарын талқылау мәселелері де қамтылды.
Сонымен қатар екі университеттің оқытушылары арасында өзара тәжірибе алмасу және ынтымақтастық қарым-қатынасты дамытуға бағытталған жұмыс кездесуі өтті. Екі жақ тараптар академиялық алмасу мүмкіндіктерін, бірлескен зерттеулер жүргізу және гранттық қаржыландыруға өтінім беру перспективалары туралы талқылады. Қатысушылар мұндай кездесулер серіктестікті нығайтуға, пәнаралық зерттеулерді дамытуға және ғылымды экономиканың нақты міндеттерін шешуге біріктіруге ықпал ететінін атап өтті.



