Оқудан нақты міндеттерге: Satbayev University студенттері елдің экономикалық қауіпсіздігін нығайтуда

Satbayev University жобаларды басқару институтының студенттері Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінде өндірістік тәжірибеден өтуде. «Математикалық экономика және деректерді талдау» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын болашақ аналитиктер құқық қорғау және сараптамалық құрылымдардың қызметімен танысып, университетте алған білімдерін нақты кәсіби ортада қолдануға мүмкіндік алуда.
Студенттер экономикалық қылмыстарды анықтау және ашу, қаржылық құжаттамаларды талдау, дәлелдер жинау секілді маңызды міндеттерге қатысуда. Тәжірибенің ерекше құндылығы – департаменттің тәжірибелі қызметкерлерінен тәлім алу. Осындай тәлімгерлердің бірі – криминалистикалық бөлімнің басшысы Азамат Қалиев, ол студенттермен өз кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, оларды күнделікті аналитикалық және тергеу жұмысына тартуда.
Оның жетекшілігімен студенттер жедел ойлау, құпия ақпаратпен жұмыс істеу және криминалистикалық талдау әдістерін меңгеруде. Мұндай тәжірибе болашақ мамандардың кәсіби дағдыларын, жауапкершілігін және белгісіз жағдайларда шешім қабылдау қабілетін қалыптастыруға септігін тигізеді.
Тәжірибе Satbayev University мен Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылған. Университет департаментке сенімі мен қолдауы, сондай-ақ жаңа буын мамандарын даярлауға үлес қосуға дайын болғаны үшін алғысын білдіреді. Бұл ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасып, экономикалық құқық бұзушылықтарға қарсы күресетін жоғары білікті кадрларды дайындауға өз үлесін қосады деп сенеміз.