Профессор Әбдірахман Бегалиновтың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты Политех қатты қайғырып, көңіл айтады
Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің басшылығы мен ұжымы белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, «Тау-кен ісі» кафедрасының профессоры Бегалинов Әбдірахман Бегалыұлының 78 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болуына байланысты қатты қайғырып, көңіл айтады.
Әбдірахман Бегалыұлы тау-кен металлургия саласының ірі ұйымдастырушысы болды. Еліміздің түсті металлургия кәсіпорындарында 30 жылдан астам қызмет еткен кезеңдерінде тау-кен шеберінен бастап, Қазақстанның алтын өндіру саласының басшысына дейін (тау-кен шебері, учаске бастығы, кеніштің бас инженері, кен басқармасының бастығы, кен байыту комбинатының бас инженері, «Алтыналмас» ҰАК Президенті) қызметтер атқарған.
Докторлық диссертациясын қорғағаннан кейін 2003 жылдан бүгінгі күнге дейін ҚазҰТЗУ-да жұмыс істеді. Оның есімі Қазақстанда шахта және жерасты құрылысы мен шашыранды кен орындарын игеру мектебінің қалыптасуымен тікелей байланысты. Ол біздің университетте жоғары білікті тау-кен мамандарын даярлауға айтарлықтай үлес қосты. Ә.Б.Бегалинов – Қазақ КСР Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты. Әр жылдары бірқатар компанияларды басқарды, қалалық, аудандық және облыстық халық депутаттары Кеңесінің депутаты болып сайланды; 1990 жылы Қазақстан КП Орталық Комитетінің мүшесі болды. «Қазақстанның тау-кен журналы» және «Тау-кен геологиялық журналы» редакцияларының алқалар мүшесі. 150-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 5 монография мен 6 оқулықтың, сондай-ақ 17 өнертабыстың авторы.