Профессор Аманқұловтың мұрасы: Сәтбаев Университетінде атаулы жаңа аудитория ашылды
Сәтбаев Университетінде Геология және мұнай-газ ісі институтында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен оқытушы, профессор Амен Аманқұлов атындағы аудитория ашылды.
Амен Аманқұлов – Мәскеу мұнай институты Мұнай факультетінің түлегі. Ол «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бұрғылау кәсіпорындарында жұмыс істеп, бұрғылаушының көмекшісінен бұрғылау конторасының директорына дейін көтерілді. 60-жылдардың ортасында Әзірбайжан мұнай және газ институтының мақсатты аспирантурасын сәтті аяқтап, кандидаттық диссертациясын қорғап шықты. Амен Аманқұлов кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін Сәтбаев Университетінде қырық жылға жуық еңбек етті, алдымен аға оқытушы, кейін еңбек тәжірибесін жас ұрпаққа бере отырып, «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау» және «Ұңғымаларды бұрғылау техникасы мен технологиясы» кафедрасының профессоры, меңгерушісі болды.
Амен Аманқұлов – 120-дан астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде бұрғылау бойынша 2 оқулық пен оқу құралын, орыс және қазақ тілдерінде 20-дан астам әдістемелік әзірлемелер дайындады. 1998 жылы оған профессор атағы берілді, ал ғылыми еңбектері бірнеше рет алғыс хаттармен және төсбелгілермен марапатталды, соның ішінде КСРО Геология министрлігінің «Жер қойнауын барлау үздігі» төсбелгісі (1984), КСРО Жоғары және арнаулы орта білім министрлігінің «Еңбектегі үздік жетістігі үшін» төсбелгісі (1985), КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің Құрмет грамотасы (1986), «Еңбек ардагері» медалі (1987) және «Қазақстан мұнайына 100 жыл» төсбелгісі (1999) бар.