Ақпарат:

24 қазан 2025 329

Профессор Саймон Томпсон: «Біз Сәтбаев университетін ынтымақтастық пен инновацияға ашық серіктес ретінде көреміз»

Профессор Саймон Томпсон: «Біз Сәтбаев университетін ынтымақтастық пен инновацияға ашық серіктес ретінде көреміз»

Сәтбаев университетіне Ұлыбританияның University of Sussex университеті Білім беру мектебінің жетекшісі, профессор Саймон Томпсон келді. Ол университет оқытушылары үшін инклюзивті білім беруге арналған «Does Differentiation Mean Different?» атты воркшоп өткізді. Профессор Томпсон Қазақстандағы білім беру жүйесі және Сәтбаев университеті студенттерінің болашағы туралы өз ойымен бөлісті.

Сіздің академиялық саладағы миссияңыз қандай?

Менің кәсіби қызығушылығымның бірі – білім беру саласы. Халықаралық қатынастар жөніндегі проректордың орынбасары ретінде мен университеттер арасында жаңа серіктестіктерді дамытуға да мүдделімін. Егер де біз қандай да бір университетпен бұрыннан бері байланыста болсақ, мен сол байланыс екі тарапқа да пайдалы болуы үшін оны қалайша нығайтуға болатынын түсінуге тырысамын. Бұл – менің Қазақстанға, атап айтқанда, Алматыға келуімнің басты себебі.

– Сіз мұнда бірінші рет келдіңіз бе?

– Жоқ, мен Алматыға осымен бесінші рет келіп отырмын. 2015–2016 жылдары біз Ұлыбританиядан келген әріптестеріммен бірге Қазақстандағы педагогикалық білім беру жүйесін реформалау аясында осында көп жұмыс атқардық. Біз STEM-пәндері бойынша оқыту жүйесін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде енгізуге көмектестік. Ол кезде негізгі қиындық – оқытушылардың тілдік дайындығының төмендігі болған еді. Студенттер ағылшын тілінде оқи алғанымен, оқытушылар химия, биология немесе физика пәндерін сол тілде түсіндіруге қиналатын. Сондықтан да бұл жоба қиын болып, әрі қарай жалғасын таппады.

Сіз Алматыны ұнатамын дедіңіз. Не үшін? Ол сіздің көңіліңізден қалайша орын алды?

– Ең алдымен айтарым, Ұлыбританияда көпшілік үшін Қазақстан әлі де аса таныс емес. Көпшілік адамдар Қазақстан туралы мүлде ештеңе білмейді немесе мүлде қате түсінеді. Ал менің жолым болып, бұл елге сегіз рет келдім, Алматыға бесінші рет келіп отырмын. Мен қазақстандықтардың, әсіресе алматылықтардың білімге қаншалықты мән беретінін, оған қаншалықты қаржы салатынын көріп жүрмін. Қай жаққа қарасам да, университеттер көп екен – бұл нағыз студенттік, университеттік қала. Сонымен қатар бұл өте әдемі жер. Бұрын мен ылғи қыста келетінмін – күн қысқа, қар жауып тұратын, соған қарамастан, қала керемет әдемі көрінетін. Ал күзде мүлде басқаша екен. Мен қазір басқа Алматыны көрдім, әрі ол маған өте ұнайды.

– Бүгін сіз оқытушылар үшін воркшоп өткіздіңіз. Баяндамаңыздың басты сұрағын қалай түйіндер едіңіз?

– Бүгін біз білім беру туралы әңгімелестік. Мені әсіресе Қазақстандағы білім беру ісіне деген адалдық пен ынта-жігер таңқалдырады. Мен мұнда алғаш келгенімде, білім беру ісі мемлекеттік деңгейде басым бағыт ретінде жарияланғанымен, ол кезде бұл көбіне адамдардың ниеті деңгейінде ғана еді. Ал соңғы он жылда мен осы мақсаттың жүзеге асып жатқанын көріп келемін. Әрине, білім беру жүйесі ешқашан мінсіз болмайды – ол үшін үнемі дамып отыру қажет. Дегенмен де, Тұрақты даму мақсаттарының бірі – «Сапалы білім» Қазақстанда шынайы түрде жүзеге асып жатыр. Тіпті мен қысқа уақытқа ғана келгенімнің өзінде сіздің университетте бұл жай ғана ұран емес, нақты жұмыс бағыты екенін байқай аламын. Бүгін мен тыңдаушыларымды мына сұрақтар туралы ойлануға шақырдым: сапалы білім беруді ілгерілетуде оқытушы қандай рөл атқарады? Осы мақсатқа жету үшін оқытушы нені білуі және нені істей алуы керек?

Қазақстандық университеттердің осы саладағы жұмысы туралы не ойлайсыз?

– Мен барлық университеттер туралы айта алмаймын, бірақ сіздердің университет үшін бұл – шынайы басымдық екенін анық көремін. Бұл оқу жоспарларынан да, сабақ беру тәсілінен де байқалады. Менің ойымша, сапалы білім беру шынымен де басты назарда тұр, әрі бұл оқытушылар мен студенттердің өзара қарым-қатынасынан да анық көрінеді.

Қазақстандағы білім берудің болашағы туралы не ойлайсыз? Біз студенттер үшін жақсы да жарқын болашақ құра аламыз ба?

– Мен мұнда үштілді білім беруге деген нақты ұмтылысты көремін – қазақ тілінің құндылығын мойындау, орыс тілінің маңыздылығын сақтау және ағылшын тілінің әлеуетін пайдалану. Оқу бағдарламаларын ағылшын тіліне аудару студенттерге жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға, басқа елдермен байланыс орнатуға, халықаралық білім беру, мәдени және экономикалық процестерге қатысуға мүмкіндік береді. Бұл, сөзсіз, осы жүйенің мықты жағы.

Сіз Англия мен АҚШ-та Қазақстан аса танымал емес дедіңіз. Ал біздің студенттер ол жаққа оқуға немесе жұмысқа барса, табысты бола ала ма?

– Иә, әрине. Біздің университетте Қазақстаннан келіп оқыған студенттер бұрын да болды. Қарапайым британдықтар үшін Қазақстан беймәлім ел болуы мүмкін, ал бірақ академиялық ортада сіздердің елдеріңізге деген қызығушылық күн санап артып келеді. Ұлыбританияның көптеген университеттері Қазақстан мен Орталық Азияға көбірек назар аудара бастады. Мысалы, осындан екі жыл бұрын мен Қазақстанға ұшып келгенімде, ұшақта бар болғаны 50 адам болған еді. Ал енді осы жексенбіде келгенде, ұшақ лық толы болды – әрі олардың көбі қазақстандықтар емес, шетелдіктер, соның ішінде Ұлыбританиядан келгендер болды. Бұл сіздің елге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

Ал Англия немесе АҚШ-та жұмыс істегісі келетін жас мамандардың мүмкіндіктері қандай?

– Қазір Ұлыбритания білікті мамандығы жоқ адамдарды қабылдауға мүдделі емес. Бізге жоғары кәсіби білімі мен дағдылары бар, атап айтқанда – IT, инженерия, медицина және басқа да ғылымды қажет ететін салаларға мамандар қажет. Ал педагог ретінде өзімнің баса айтарым: әлемге жақсы ұстаздар өте қажет. Егер де Қазақстан мықты педагогтар мен кәсіби мамандар даярлап отыратын болса, олар үшін Англия, Австралия, Үндістан сияқты елдерде – британдық университеттердің халықаралық кампустарында әрқашан есік ашық, жұмыс істеуге мол мүмкіндік ашылады. Қазақстандық түлектер қайда болса да өздерін көрсетіп, бүкіл әлемге пайда әкеледі деп сенемін.

Бүгін сіз оқытушылар алдында сөйледіңіз, ал студенттерге не айтар едіңіз?

– Мен әрқашан да айтып жүремін: университетте оқу мүмкіндігі – бұл үлкен артықшылық. Егер сізге мұндай мүмкіндік берілсе, оны барынша пайдалану керек. Жасың ұлғайған сайын университет қандай ғажайып мүмкіндіктер бере алатынын түсіне бастайсың. Өкінішке орай, біз мұны тым кеш түсінеміз. Сондықтан да мен студенттерге оқудың әрбір сәтін бағалаңыз деп айтар едім: тек дәрістер мен семинарларға қатысып қана қоймай, университеттің қоғамдық өміріне белсенді араласыңыз, студенттік ұйымдарға мүше болыңыз, волонтерлікпен айналысыңыз, қосымша мүмкіндіктердің бәрін пайдаланыңыз. Өйткені мұндай сәт, білім алу сәті өмірде бір-ақ рет беріледі, сондықтан да осы мүмкіндікті толығымен пайдалану өте маңызды.

Саймон Томпсон – Ұлыбританияның University of Sussex университетінің жоғары лауазымды академиялық қызметкері, педагогика профессоры, оқытушыларды даярлау саласы бойынша бүкіл әлемге танымал сарапшы. Ол Ұлыбритания оқытушыларының Ұлттық стипендиясының (National Teaching Fellowship) иегері, бұл марапат оған жоғары білім беру жүйесіндегі үздік педагогикалық тәжірибелері мен оқыту ісіне қосқан елеулі үлесі үшін берілген. 2025 жылдан бастап University of Sussex университетінде халықаралық байланыстарға жауапты Deputy Pro-Vice-Chancellor (International) қызметін атқарады. Оның Сәтбаев университетіне келген сапары Ұлыбритания мен Қазақстанның жетекші университеттері арасындағы академиялық байланыстарды нығайту және халықаралық серіктестікті дамыту бағдарламасының бір бөлігі болып табылады.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту