QazaqGaz газ саласының мамандарын даярлауға стипендия тағайындады
26 тамызда QazaqGaz басқарма төрағасы Санжар Жаркешов, Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Осы келісімнің нәтижесінде Сәтбаев университеті QazaqGaz қолдауымен газ саласы үшін мамандар дайындайтын болады.
Ұлттық компания газ саласына жас мамандарды даярлауға мүдделі. Мұнай мен газ факультеттерінде оқитын студенттер Ұлттық компания стипендиясының үміткері бола алады. Бұдан басқа, QazaqGaz компаниялар тобы студенттерді стажировкадан өтуге де шақырады. Үздіктерге өндірістік қызметке қабылдануға мүмкіндік туады.
QazaqGaz болашақта «QazaqGaz» ғылыми-техникалық орталық құруды жоспарлап отыр. Ол ұлттық компанияға қарасты оқу комбинаттары мен инженерлік-техникалық орталық базасында ашылады. Оқу барысына еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындары мен халықаралық газ компанияларын тартады.
Тараптар газ саласын дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Меморандум аясында гранттық және бағдарламалық нысаналы қаржыландыру арқылы бірлескен ғылыми жобалар жүзеге асырылады.
QazaqGaz – ғылым мен инновациялық өндірісті біріктіруді көздейді. Ұлттық компания профессорлар, оқытушылар мен мамандардың соңғы технологиялық жұмыстарын өндірісте қолдануды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, компания газ саласында қазақстандық ғылымның коммерцияландырылуын көздейді.