Ректор Республика күнімен құттықтайды 2025
Құрметті әріптестер, қадірлі студенттер, ардақты достар!
Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Осыдан 35 жыл бұрын Қазақстан өз тағдырын өзі айқындайтын, әділетті әрі заманауи мемлекет құруға толық құқылы ел екенін бүкіл әлемге паш етті. Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы – еліміздің жаңа дәуірге басқан алғашқы қадамы еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ Сәтбаев университетінің ғалымдары мен түлектері еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін сақтап, оны дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде аға буын ғалымдардың тәжірибесіне сүйене отырып, біз жаңа ғылыми мектептерді қалыптастырып, заманауи технологияларды енгізудеміз, сөйтіп болашақтың мамандарын даярлауды жалғастырып келеміз.
«Ғылым адам өмір сүріп отырған жерге қызмет етуі тиіс», – деген еді Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Ұлы ғалымның бұл сөздері біз үшін әрқашан басты ұстаным, басты бағыт. Қазақстандағы тұңғыш әрі жалғыз ұлттық техникалық зерттеу университеті ретінде Сәтбаев университеті ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып және жас зерттеушілерге жол аша отырып, әрдайым өзгерістердің алдыңғы шебінде келеді.
Әрбір оқытушы, инженер, ғалым мен студент – елдің бүгінгі тынысы мен ертеңгі болашағына өз еңбегімен үлес қосып жүрген асыл жандар, ал білім мен еңбек – болашақта да қоғам өркендеуінің ең басты тірегі болып қала бермек.
Осы мерейлі мереке күні баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт және еліміздің игілігі үшін жасаған еңбектеріңізге жаңа жетістіктер тілеймін!
Құрметпен,
Сәтбаев университетінің ректоры
Мейрам Бегентаев



