Сәтпаев университеті Металлургия және кен байыту институтының ғылыми журналы Web of Science Core Collection деректер базасына қосылды
Clarivate Analytics агенттігінің деректеріне сәйкес «Минералдық шикізаттарды кешендік пайдалану (Kompleksnoe ispolʹzovanie mineralʹnogo syrʹâ)» ғылыми журналы Web of Science Core Collection платформасындағы Emerging Sources Citation Index деректер базасына 2020 жылдың желтоқсан айында қосылды. Журналдың индексациялануы 2019 жылдың қаңтар айынан басталды.
Журналдың әлемдегі үздік ғылыми басылымдарды индекстейтін беделді халықаралық деректер базасына қосылуы университет ғылымы үшін ғана емес, Қазақстанның ғылым саласы үшін де маңызды жетістік болып табылады.
Clarivate Analytics саясатына сәйкес Emerging Sources Citation Index базасында индекстелу үшін сараптамалық топпен журналдарды іріктеп алу Web of Science Core Collection негізгі деректер базасына кіру үшін алғашқы және маңызды қадам болып табылады және журналдағы мақалаларды әдебиеттер тізіміне қосып атау негізінде импакт-фактор индексі берілетін болады.
Clarivate Analytics – деректер базасын, ақпараттық жүйелерді және зияткерлік меншік топтамаларын басқаратын тәуелсіз беделді компания. Бұл компания ғылыми және академиялық зерттеулерді, патенттік талдауды және құқықтық реттеуді, фармацевтикалық және биотехнологиялық зерттеулерді өткізуге, тауарлық белгілерді, брендтерді және зияткерлік меншікті қорғауға бағытталған.