Шаньдун ғылым академиясының өкілдері – Сәтбаев университетінде
Қаңтардың 23–25 күндері Қытай Халық Республикасы Шаньдун ғылым академиясының делегациясы Сәтбаев университетіне ресми сапармен келді. Аталмыш сапардың мақсаты – Шаньдун ғылым академиясы мен Сәтбаев университеті арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынас туралы 2017 жылы жасалған меморандумға сәйкес бірлескен ғылыми жобалар мен зерттеулерді іске асыру, PhD докторларын даярлау туралы келіссөздер жүргізу.
Делегация мүшелерін Сәтбаев университетінің институттары және ғылыми-зерттеу институттарымен таныстыру рәсімі университет өкілдерімен кездесуден басталды. Бұл кездесуге Шаньдун ғылым академиясының вице-президенті Лю Мэнде, Шаньдун провинциясындағы Сараптама және сынақ жүргізу орталығының директоры Ван Сяо, Автоматтандыру институтының директоры Жу Юнхай, Qilu University of Technology Химия және фармацевтика инженериясы факультетінің деканы Ли Тианду және басқа да делегаттар, сондай-ақ Сәтбаев университетінің басшылары мен институт директорлары, университет ғалымдары қатысты.
Институт директорлары қысқаша жасаған таныстыру баяндамаларында Сәтбаев университетіндегі әртүрлі құрамдас бөлімшелері Қытай Халық Республикасының көптеген кәсіпорындарымен тығыз байланыста екенін басып айтты.
Іссапардың үшінші күні алдағы ынтымақтастық байланыс туралы мәселелерді қарастырған кездесу өтті. Екі жақтың өкілдері бірлесіп жүргізетін ғылыми зерттеулер мен жобалар туралы, студенттер мен оқытушыларды алмастыру және ҚХР-да тәжірибеден өткізу мәселелерін шешті.
– Институттарды аралаған кезде мен Сәтбаев университеті ғалымдары мен оқытушыларының білім дәрежесі өте жоғары екенін аңғардым, – деді ШҒА-ның вице-президенті Лю Мэнде өз сөзінде, – Сіздердің ең басты қасиеттеріңіз – Сіздер елдің дәл қазіргі кезеңдегі өзекті ғылыми-техникалық және өндірістік мәселелерін шешуге басты назар аударасыздар. Сіздер университетті әлемдік деңгейге шығаруға ұмтыласыздар, сондықтан да Сіздерде байланысу-түйісу жолдары өте көп.
Кездесу барысында екі жақтың өкілдері ғылыми-техникалық ынтымақтастық байланыс жөніндегі және PhD докторларын бірлесіп даярлау туралы келісім-шартқа қол қойды. Бұл келісім-шарттар Сәтбаев университетінің студенттерімен қатар, профессорлы-оқытушылар құрамына да үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Сондай-ақ ШҒА Автоматтандыру институты мен Сәтбаев университетінің бірлесіп жасаған – Joint Laboratory for Intelligent Agricultural Equipment зертханасының ресми ашылу салтанаты өтті.
Шаньдун ғылым академиясы (Shandong Academy of Sciences, SDAS) 1979 жылы құрылған. Оның негізгі қызметі ақпараттану, есептеу техникасы, биоинженерияны автоматтандыру, жаңа материалдар шығару саласындағы ғылымды қажет ететін технологияларды, энергия үнемдеу технологиясын, лазерлік технологияны, интеллектуалды құрал-жабдықтар шығару өндірісіне және ең нәзік химиялық өнімдерге сараптама жасау мен сынақ жүргізуге бағытталған. Академия АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Канада, Польша, Ресей, Белоруссия, Украина, Жапония және т. б. елдердің институттарымен ынтымақтастық байланыс жөнінде 20-дан астам келісім-шарт жасаған.