Студенттер 42 500 теңге төлемді қалай алады
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов студенттерге әлеуметтік төлем берудің ережелері мен оны төлеудің механизмдерін кеңейту жолдарын айтып берді. Ол студенттерге төлем берудің тәртібі мен шарттары Қазақстан халықтарымен бірдей екенін атап өтті.
«Студенттер – еліміздің кәмелеттік жасқа толған азаматтары. ҚР Еңбек заңы бойынша әрбір азамат 16 жастан бастап жұмыс істеуге құқылы. Ал тәртіп халықтың бәріне бірдей, студенттер үшін де. Сіздер үшін әлеуметтік аударымдар жасалған болса немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде қазір сіз бірыңғай жиынтық төлем жасасаңыз, сіз заңды тұлға болып есептелесіз. Сондықтан сіздер де өтініш бере аласыздар. Студент шәкіртақы ала ма, алмай ма, біз оған қарамаймыз», – деп түсіндірді министр.
Бұл әлеуметтік төлемді кімдер алады?
Әлеуметтік төлемдер төтенше жағдай енгізілуіне байланысты табысын жоғалтқан азаматтарға төленеді. Бұл бір реттік емес, төтенше жағдай кезінде ай сайын берілетін төлем. Егер студент бұған дейін жұмыс істеп, ай сайын зейнетақы мен әлеуметтік аударымдарды жасап тұрған болса, онда ол осы төлемді ала алады. Егер студент азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс істеген болса да, бұл төлемді алуға құқылы. Ал егер студент бейресми, яғни заңсыз түрде жұмыс істеп, ештеңе аудармаған болса, қазір бірыңғай жиынтық төлем форматы арқылы ол осы төлемге өтініш бере алады.
Төлемге өтінішті қалай беруге болады?
1. Алдымен төлемге өтініш беру каналын таңдап аласыз. Бұл egov.kz, мұнда «ТЖ аясында 42 500 төлем» деген түйме бар немесе 42500.enbek.kz сайты. Осы каналдардың біріне электрондық-цифрлық қол қоймастан, ешқандай құжатсыз, ешқандай бланк толтырмастан кіресіз де, өтініш бересіз. Сіздің өтінішіңіз қаралатын болады.
2. Осыдан кейін азаматтың egov.kz сайтындағы «жеке кабинетіне» немесе SMS арқылы «мақұлданды» немесе «мақұлданбады» деген жауап келеді.
3. Банктен есепшот ашып, IBAN номерін алу керек. Келген SMS хабарға осы номерді жазып, жауап беру керек. Қандай да бір сұрақ туындаса, call-орталыққа 1414 номері арқылы хабарласыңыз. Сондай-ақ enbek.kz сайтынан кез келген ақпаратты алуға болады.
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында 42 500 теңге әлеуметтік төлем туралы және оны қалай рәсімдеу керектігі жөнінде айтып берді.
Tengrinews.kz материалдары бойынша