Студенттік қауымдастықтар жәрмеңкесі жалғасуда
Үстіміздегі жылдың 10 қыркүйек күні Бас оқу корпусының алаңында Сәтбаев Университеті Студенттік қауымдастықтар жәрмеңкесі ашылып, өз жұмысын бастады. Бұл іс-шараның ең басты мақсаты – өз қатарына талантты студенттерді топтастыру және жаңадан келген бірінші курс студенттерін қауымдастық жұмысымен таныстыру.
Университет қабырғасында талай жылдан бері белсенді түрде жұмыс жасап келе жатқан 13 студенттік ұйымдар, атап айтқанда, Волонтерлер лигасы, вокалистер, SAE, SPE, Satbayev Hunterz, IDC, SportLab, SYP, ЖасҚанат, КТК (КВН), Парасат, Бәйшешек, КДМ өз қызметтерін әртүрлі қызықты әдістермен жарнамалады – ойындар, фотосурет байқаулары, эстафета, сертификаттар ұтысын ұйымдастырды. Ертең 11 қыркүйек күні де жәрмеңке өз жұмысын жалғастырып, студенттер назарына одан да қызықты іс-шаралар мен бағдарламалар ұсынылатын болады. Оның бәрін қауымдастық мүшелері өздері ойлап-тауып, іске асыруда.
Ал қауымдастық мүшелері өз әсерлерімен былайша бөлісті.
Камилла:
– Мен Satbayev Hunterz ұйымындамын. Біз студенттердің кез келген жобаларын іске асырумен және рекрутингпен айналысамыз. Қатарымызға қосылған жастарымызға көмек береміз. Университет ішіндегі және қалалық масштабтағы әртүрлі іс-шараларға қатысамыз, мысалы, көктемде өткен Pixel жобасына қатыстық. Соның бәрінен тамаша ләззат алып, өз ісімізге риза боламыз.
Ақерке:
– Мен Society of Petroleum Engineers (SPE) ұйымындамын. Бұл халықаралық ұйым, оның қызметін Shevron компаниясы қаржыландырады. Біздің ұйым ғылыми жұмыстарды, әртүрлі шығармашылық жұмыстарды жүзеге асырумен шұғылданады. Жыл сайын біз халықаралық конгресс өткіземіз, онда студенттер ғылыми жұмыстарын көпшілік назарына ұсынып, өз таланттарын паш етеді. Ал Shevron компаниясы жеңімпаздарды бағалы сыйлықтарымен қуантады. Сонымен қатар мұнай-газ саласының белгілі өкілдері, бизнесмендер бізге келіп дәріс оқиды, өз тәжірибелерімен бөліседі. Жыл сайын Shevron компаниясы шетелде оқуға немесе практикадан өту үшін грант бөліп тұрады, оны тек байқаудың нәтижесінде ғана ұтып алуға болады. Міне, осының бәрі бізге өте қызықты.
Кирилл:
– Былтырғы жылы мен америкалық қауымдастықтар стилінде ұйым ашып, оны «бауырластар ұйымы» деп атадым. Бұл ұйымның қызметі жөнінде мен небары екі ғана іс-шара өткізгеннен кейін, қазақстандық жұрт мұндай стильге әрі дайын емес екендігін түсіндім. Одан кейін өзім пікірсайыстар клубына мүше болдым. Бұл тамаша ұйым. Биыл оқуға түскен бірінші курс студенттеріне айтарым: бірінші күннен бастап қандай да болсын студенттік ұйымға мүше болыңыздар. Келешекте сіздерге мұның көмегі өте мол. Ол жерде сіздер өз таланттарыңызды ортаға салып, ашыласыздар, бірлесіп жұмыс істеуге үйренесіздер.
Студенттік өмір әрқашан да жарқын қызықтар мен думанға толы. Бұл бойыңдағы күш-жігерің тасып, алдағы болашаққа, жаңа мақсаттарға, жаңа білімге қол созар ең бір кемелденген шағың. Тек осы шақта ғана өз қабілетіңді барымен танытып, талантыңның қыр-сырын терең ұғына бастайсың. Сол үшін де, сол таланттарды ашу үшін де Сәтбаев Университетінде әртүрлі студенттік ұйымдар жұмыс жасайды. Ендеше біздің қатарымызға қосылып, дарындылығыңызды дәлелдейтін кез келді!