Tañdauym жобасы маман әйелдер мен бизнесті Сәтбаев университеті алаңында біріктірді
Сәтбаев университетінде Tañdauym жобасы аясында екінші кездесу өтті. Бұл іс-шара техникалық мамандықтар бойынша білім алып жүрген студент қыздарды, жас маман әйелдерді, менторлар мен индустрия өкілдерін біріктірді. «Өндірістегі әйел көшбасшылар: мансапты бастау мен кәсіби тұрғыда өсу үшін не маңызды?» атты панельдік пікірталас барысында қатысушылар бүгінгі таңда өндіріс секторында әйелдердің рөлі қалай өзгеріп жатқаны туралы және техникалық бағыттағы түлектер үшін индустрияда қандай мансаптық мүмкіндіктер бар екені туралы талқылады.
Кездесу Coca-Cola Içecek Kazakhstan компаниясының Tañdauym стипендиялық бағдарламасы аясында өтті. Сәтбаев университеті бизнес-мектебінің директоры Ақерке Ералиева қатысушыларға құттықтау сөз арнады. Іс-шара барысында сонымен қатар Tañdauym жобасының тұжырымдамасы таныстырылды. Women’s Network CCI Kazakhstan компаниясының президенті Ирина Ошурова атап өткендей, бұл бастама техникалық мамандықтар бойынша жоғары курста оқитын, әрі өндіріс саласында мансап құруды көздейтін студент қыздарды қолдауға бағытталған:
– Бүгін мен өндірістік және техникалық мамандықтар бойынша істейтін әйелдер жұмысының артықшылықтары туралы айтқым келеді, – деді Ирина Ошурова. – Біздің компанияда дәстүрлі түрде «ерлерге тән» деп саналатын жұмыс түрлерін, мысалы, жүк тиегіштер операторы секілді мамандықтарды әйелдердің меңгеруіне көмектесетін, оларды қолдайтын, қайта даярлықтан өтіп, одан әрі дамуына көмектесетін бағдарламалар бар. Осылайша біз қалыптасып қалған стереотиптерді саналы түрде бұзып келеміз.
Tañdauym жобасы Сәтбаев университетінде тәжірибе алмасу үшін және әйелдердің техникалық әрі өндірістік салаларға қатысуын қолдайтын кәсіби қауымдастық қалыптастыруға арналған алаңға айналды. Осы талқылау барысында жұмыс берушілердің нақты күтетін үміттеріне, мансап құрудың бастапқы кезеңінде қажет болатын дағдыларға, сондай-ақ маман әйелдердің кәсіби тұрғыда өсуіне ықпал ететін корпоративтік тәжірибелерге баса назар аударылды.



