Тәуелсіздіктің жаңа дәуірі: Сәтбаев университетінде Республика күніне арналған дөңгелек үстел өтті

Сәтбаев университетінің Жобаларды басқару институты Қазақстан Республикасы күніне және Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңызына арналған «Дәуір бастауы – Декларация» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Дискуссия профессор Ахмет Ержанов атындағы аудиторияда өтіп, оған оқытушылар, студенттер мен университет қонақтары қатысты. Жиынның модераторы – Қоғамдық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Тұрлыбек Тумабаев – Декларацияны жаңа дәуірдің бастауы ретінде атап өтіп, тарихи жадымызды сақтау мен ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруды қамтамасыз етудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Талқылауға Сәтбаев университеті мен Алматы энергетика және байланыс университетінің ғалымдары да қатысып, осы құжаттың қабылдануына негіз болған тарихи алғышарттар мен оның тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына әсері жайлы пікірлерімен бөлісті. Қатысушылар тарихқа саналы көзқарас азаматтық жауапкершілік пен академиялық ынтымақтастықты нығайтатынын атап өтіп, тәуелсіздік жолындағы күрес туралы естелік – жастар үшін сарқылмас шабыттың көзі болып қала беретінін баса айтты.