Цифрлық дәуірдегі заң мен тәртіп: Сәтбаев университетінде жастар қауіпсіздігі жөнінде дәріс өтті
Сәтбаев университетінде «Заң мен тәртіп» бастамасы аясында Алматы қаласы Полиция департаменті өкілдерінің қатысуымен дәріс өтті. Департаменттің Кадрлармен жұмыс басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Тілек Әлназаров, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Сұлушаш Досболова және Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Батырхан Расылхан студенттер алдында сөз сөйледі.
Бұл кездесу жеке және цифрлық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау, сондай-ақ бүгінгі таңда жастар тап болып отырған өзекті қауіп-қатерлер тақырыбына арналды. Әсіресе қалайша қылмыстың құрбанына айналмау жолдарына және өз жақындарын, соның ішінде қарт адамдарды әртүрлі қауіптерден қорғау жолдарына ерекше назар аударылды.
Полиция өкілдері есірткі қылмысына қарсы күрес туралы айтып, есірткінің аса қауіпті екенін атап өтті. Тіпті алғашқы болмашы қадамның өзі жас адамның өмірін құртып, оны тығырыққа тірейтін жолға түсіруі мүмкін. Дәрістің екінші бөлімі киберқылмыстарға арналды, бұл қылмыс түрі бүгінде жаңа деңгейге шығып отырғаны белгілі. Сол себепті одан қорғанудың қарапайым ережелерін білу, әрі оларды отбасы мүшелерімен және достарымен бөлісу аса маңызды екені айтылды.
Дәріс соңында студенттерге Ішкі істер министрлігінің ведомстволық академияларына оқуға түсу мүмкіндіктері мен полиция органдарында қызмет атқару жолдары таныстырылды. Қазіргі таңда ішкі істер органдарында ақпараттық технологиялар мен киберқауіпсіздік саласының мамандарына деген сұраныс өте жоғары екені атап өтілді. Сондай-ақ ондағы қызметтің шарттары, әлеуметтік қолдау шаралары мен полиция қызметінің артықшылықтары туралы жан-жақты түсіндірілді.
Бұл дәріс Сәтбаев университетінің мемлекеттік құрылымдармен ынтымақтастықты дамытуға, студенттер арасында заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға және цифрлық ортаға жауапкершілікпен қарауды нығайтуға бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.



