Уақыт тарихына саяхат: Сәтбаев университеті шетелдік студенттерді университет музейімен таныстырды
Сәтбаев университетінде шетелдік студенттерді университет тарихымен және көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың өмірі және еңбек жолымен таныстыру мақсатында музейге экскурсия ұйымдастырылды. Университет музейін аралау өткен уақытқа қызықты саяхат қана емес, сонымен қатар Қазақстанның мәдени және ғылыми мұрасымен танысуға мүмкіндік берді.
Экскурсия барысында студенттер еліміздегі тұңғыш техникалық университеттің қалыптасу тарихын, Қазақстанның индустриялық тұрғыда нығаюына жол ашқан ғылыми мектептерді дамытуда ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың атқарған рөлі туралы білді. Ғалымның жеке заттары мен мұқият сақталған мұрағаттық фотосуреттерін қонақтар ерекше қызығушылықпен тамашалады.
Бұл экскурсия шетелдік студенттерді университетке бейімдеу бағдарламасының бір бөлігі ретінде ұйымдастырылып, мәдениетаралық диалогты нығайтуға бағытталды. Университет тек заманауи инженерлік білім беріп қана қоймай, сонымен қатар жастардың бойында Қаныш Сәтбаевтың есімімен байланысты мәдени мұралар мен ғылыми сабақтастыққа деген құрметті қалыптастыруға ұмтылады.



