Үндістан профессоры Сәтбаев университетінде дәріс оқуда
Үндістан инженерлік-технологиялық колледжінің профессоры (Коимбатор, Үндістан) Моханрадж Муругесан Сәтбаев университетінің студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына арнап 21 қарашадан 14 желтоқсанға дейін «Жылыту, вентиляция және кондиционерлеу» тақырыбында дәріс оқиды.
Профессор Моханрадж Үндістан инженерлік-технологиялық колледжінің Инженерлік механика департаментінде жұмыс істейді. Ол жылыту, вентиляция және кондиционерлеу, жылу сорғылары және жаңартылатын энергия, атап айтқанда, күн энергиясы бойынша білікті маман болып табылады. Оның 70-тен астам ғылыми мақалалары бар, Scopus деректер қорындағы h-индексі – 21. Сәтбаев университеті «Қолданбалы механика және инженерлік графика» кафедрасының өкілдерімен бірлесіп жасаған жоғары импакт-факторы бар ғылыми мақалалары, сонымен қатар Қазақстан Республикасының өнертабысы үшін алған үштен астам патенттері бар.
Доктор Моханрадж Сәтбаев университеті «Қолданбалы механика және инженерлік графика» кафедрасының зертханасында докторанттармен, магистранттармен және студенттермен бірге күн жылуы энергиясы және жылу сорғылары саласында бірлескен зерттеулер жүргізеді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жариялау және гранттық жобалар бойынша жұмыстарды орындау бойынша қызметкерлер мен студенттерге кеңестер береді. Сапар барысында студенттермен, магистранттармен және докторанттармен бірге жобалар бойынша бірлескен зерттеу тақырыптары және нәтижелері бойынша ғылыми мақалалар жариялауға дайындалады.