Университеттің ғылыми-білім беру қызметі жөніндегі проректоры міндетін атқарушы болып Асқар Сыздықов тағайындалды
Сәтбаев университетінің Қ. Тұрысов атындағы Геология, мұнай және тау-кен ісі институтының директоры Сыздықов Асқар Хамзаевич университеттің ғылыми-білім беру қызметі жөніндегі проректоры міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Асқар Сыздықов – В.И.Ленин атындағы ҚазПТИ-дің «Технология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау техникасы» мамандығы бойынша түлегі. Кәсіби біліктілігі – тау-кен инженері.
1993 жылдан бастап 2017 жылға дейін республиканың геология және мұнай-газ саласында әртүрлі отандық және шетелдік өндірістік және жетекші компанияларда қызмет еткен. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы жүйесінде әртүрлі атқарушылық және жетекшілік қызметтерде болған. 2018 жылдың қаңтарынан бастап Сәтбаев университетінде қызмет етеді.
Асқар Сыздықов – техника ғылымдарының кандидаты, PhD докторы. «Мұнай инженериясы» кафедрасының профессоры. Ол 50-ден астам жарық көрген ғылыми еңбектің және көптеген өнертабыстың авторы, олардың арасында КСРО авторлық куәліктері мен АҚШ, Канада, Швеция, Жапония және Германияның патенттері бар. «ҚР кен барлау саласының үздігі» және «ҚР-ның мұнай-газ саласына еңбек сіңірген қызметкер» белгілерімен, «Қазақстан құбыр желісі көлігіне – 70 жыл», «Қазақстан мұнайына – 120 жыл» мерейтойлық медалімен, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің, ҚР Мұнай және газ министрлігінің, «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ-ның құрмет грамоталарымен марапатталған.
Асқар Сыздықов қызметінің негізгі бағыттары – НИОКР нәтижелерін коммерциализациялау мәселелері бойынша республиканың өнеркәсіп орындарымен өзара байланыс жасау, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары мен қашықтықтан білім беру технологиялары бағдарламаларына жетекшілік ету болып табылады.