«Жаңа Алматы: проблемалары мен даму болашағы» атты конференция өтті
2019 жылдың 10 қазанында «SHEBER» Қазақстанның Құрылыс саласы одағы мен Сәтбаев университеті Т.К. Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының (Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының қолдауы бойынша) ұйымдастыруымен бірінші халықаралық конференция өтті.
Конференция Алматы сияқты ірі қала мысалында қалалық жоспарлау және басқару, абаттандыру, жобалау мен құрылыстағы жаңа сандық технологиялар, техникалық регламент және т. б. құрылыс саласының өзекті мәселелері мен әлеуетті мүмкіндіктеріне арналды.
Конференцияның баяндамашылары арасында құрылыс саласындағы ірі бизнес өкілдері, Қазақстанның танымал сәулетшілері, Сәтбаев университетінің ғалымдары мен педагогтары болды. Шақырылған спикер ретінде белгілі ресейлік сәулетші, Еуразия (Ресей) Халықаралық сәулет академиясының бірінші вице-президенті А. А. Чернихов сөз сөйледі.
Инновациялық ғылымды дамытудың және оның нәтижелерін құрылыс практикасына енгізудің өзекті мәселелері тиісті жоғары білікті мамандарды даярлаумен тығыз байланысты. Осыған орай конференцияда басты баяндамашы – Сәтбаев университеті Т.К. Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының директоры, сәулет докторы, профессор, Халықаралық сәулет академиясының Қазақстандық академиялық орталығының президенті Құспанғалиев Болат Урайханұлы сөз сөйледі. Баяндама тақырыбы білім, ғылым және өндіріс саласындағы интеграциялық үдерістердің бағытын одан әрі анықтайтын бағдарламалық болуға тиіс. Баяндамада бүкіл құрылыс саласындағы жаңа серпіліс стратегиясы ретінде консорциумдар құру ұсынылды.
Пленарлық отырыстың қорытындысы бойынша қазіргі заманғы архитектура мен құрылыстың келешегі туралы кәсіби пікірталас ұйымдастырылды.
Конференция аясында сәулет-құрылыс компанияларының ғимараттар фасадтары мен қала кеңістігін абаттандыру туралы әртүрлі шешімдер ұсынған жетістіктерінің көрмесі өтті.