Жаңа кезең: Сәтбаев университеті әлемнің үздік 100 университетінің бірімен ынтымақтастықты кеңейтуде

Сәтбаев университетінде Ұлыбританияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Exeter университетінің өкілдерімен кездесу өтті. Кездесудің басты тақырыбы – бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламаларын құру және академиялық ынтымақтастықты кеңейту болды.
«Біз Exeter университетімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойдық. Келесі қадам – тау-кен ісі, жобаларды басқару және деректерді талдау сияқты стратегиялық маңызды салалар бойынша қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосу туралы келісімге қол қою», – деп атап өтті Халықаралық ынтымақтастық және стратегиялық даму жөніндегі бірінші проректор Самғат Ермекбаев.
Екі жақ тараптар болашақ бағдарламаның негізгі талаптарын, дипломдық жұмыстарға қойылатын шарттарды және ECTS жүйесі бойынша кредиттерді өзара есепке алу механизмдері туралы талқылады. Студенттерді тегін оқыту мүмкіндігіне ерекше назар аударылды. Осы жөніндегі пилоттық бағдарлама келесі оқу жылында іске қосылады деп шешілді.
Exeter университеті – әлемнің ең үздік 100 университетінің бірі, ол британдық беделді университеттердің «Рассел» тобының құрамына кіреді. Университет тұрақты технологиялар, инженерия және жасанды интеллект саласы бойынша жоғары деңгейлі мықты бағдарламаларымен және пәнаралық жобаларымен танымал. Университет түлектері арасында жазушы Джоан Роулинг және Radiohead тобының вокалисі Том Йорк бар.
Exeter университеті өкілдерімен өткен кездесу Сәтбаев университетінің халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялануы жолындағы маңызды қадам болды. Жаңа бағдарлама студенттерге әлемдік деңгейдегі білімге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді академиялық серіктестік қарым-қатынастың негізін қалайды.