Жас данышпандар: Сәтбаев университетінде «Жас Сәтбаев – V» 2026 байқауының финалы өтті
Satbayev University-де еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды жоғары сынып оқушыларын біріктірген «Жас Сәтбаев» зияткерлік ойынының бесінші маусымы өтті. Байқаудың мерейтойлық кезеңі оқушылардың ғылым мен инженерлік білімге деген қызығушылығының жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Байқаудың финалдық кезеңі университет қабырғасында өтіп, 1000-нан астам өтінім арасынан іріктелген ең үздік он қатысушыны жинады. Қарқынды интеллектуалдық тартыстың нәтижесінде бас жүлдені Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласынан келген Сайлаубек Думан жеңіп алды. Ол Satbayev University бакалавриатында білім алуға арналған университеттің ішкі грантына ие болды.
Қорытынды үшінші кезеңнің қазылар алқасының мүшесі ретінде химиялық үдерістер және өнеркәсіптік экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Абильдина Айназ Қайратқызы қатысты. Ол байқаудың жоғары деңгейде өткенін атап өтті:
– Ойын өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тапсырмалар мазмұнды, өзекті әрі практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған. Қатысушылар жақсы дайындықтарын, аналитикалық ойлау қабілеттерін және ғылымға деген шынайы қызығушылықтарын көрсетті.
Байқау дәстүрлі түрде бірнеше кезеңнен тұрды. Бірінші және екінші турлар онлайн форматта өтіп, профильдік пәндер бойынша 60 сұрақтан қамтыды. Ең жоғары нәтиже көрсеткен қатысушылар финалға жолдама алды.
Екінші орынды Петропавл қаласынан Ермек Мейірхан, үшінші орынды Өскемен қаласынан Руслямұлы Әміре иеленді. Олар бағалы сыйлықтар мен естелік марапаттарға ие болды.
«Жас Сәтбаев» байқауы бесінші жыл қатарынан өткізіліп келеді және осы уақыт ішінде дарынды жастарды анықтау мен қолдаудың маңызды алаңына айналды. Қатысушылардың көпшілігі кейін техникалық мамандықтарды таңдап, Satbayev University-де білімін жалғастырып, еліміздің болашақ инженерлері мен ғалымдарының қатарына қосылуда.
Ұйымдастырушылар байқауға қатысу мектеп оқушыларының кәсіби бағдарын айқындауда маңызды рөл атқаратынын және Қазақстанның зияткерлік әлеуетін дамытуға ықпал ететінін атап өтеді.



