Ақпарат:

8 сәуір 2026 78

Жасампаздар сабақтастығы: Сәтбаев университетінде Қазақстан сәулетшілер одағының 90 жылдығына арналған көрме ашылды

Жасампаздар сабақтастығы: Сәтбаев университетінде Қазақстан сәулетшілер одағының 90 жылдығына арналған көрме ашылды

Әйгілі Политех қабырғасында «Үш ұрпақ сәулеті» атты тамаша көрме салтанатты түрде ашылды. Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының 90 жылдық мерейтойына арналып, отандық сәулет өнерінің майталмандарын, жетекші ғалымдарды, тәжірибелі сәулетшілер мен студенттерді бір арнаға тоғыстырды.

Көрменің ашылу салтанатын Т.Қ. Басенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының директоры, белгілі сәулетші Болат Құспанғалиев жүргізіп, осы мерейтойлық іс-шараның өтетін орны ретінде Сәтбаев университеті таңдап алынуы символдық мәнге ие болып отыр деп атап өтті:

«Дәл осы жерде, біздің университетте еліміздегі сәулет білімінің зияткерлік негізі ондаған жылдар бойы қалыптасты. Бүгінгі көрме – сол дәуірлер арасындағы көпір болып саналады», – деді Болат Құспанғалиев.

Бір ғасыр бойы Сәтбаев университеті Қазақстанның сәулеттік келбеті мен сәулет білімінің қалыптасуына жүйеқұраушы ретінде ықпал етіп келеді. Дәл осы жерде ұлттық сәулет мектебі қалыптасып, сәулетшілерді даярлаудың институционалдық негізі қаланды – соның бәрі осы көрмеде көрініс тауып отыр. Көрме Қазақстандағы сәулет жөніндегі ойдың толық эволюциясын көрсетеді: кеңестік дәуір сәулетшілерінің классикалық еңбектерінен бастап, университет студенттерінің инновациялық цифрлық жобаларына дейін көрмеде көрініс табады.

Университет ректоры Мейрам Бегентаев еліміздің сәулетшілерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қонақтарға құттықтау сөз арнады:

«Сәулет – бұл қатып қалған музыка тәрізді, әрі тарих шежіресі. Бүгін біз ұлы шеберлердің тәжірибесі мен жастардың батыл идеялары қалай тоғысқанын көріп отырмыз. Тәуелсіз Қазақстанның құрылысына атсалысқан және әлі де үлес қосып келе жатқан ұрпақтардың оқу ордасы болу – біздің университет үшін үлкен мәртебе. Университетте жобаланған құрылыстардың бәрі – сіздермен бірге жасалған еңбектің жемісі», – деді ректор.

Көрме экспозициясы сәулетшілердің үш ұрпағы қатарынан жүріп өткен барлық кезеңдерді қамтиды: мұнда кеңестік кезең мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы архивтік сызбалар мен маңызды жобалар, қазіргі бюролар жүзеге асырған нысандар, сондай-ақ университеттің жас ғалымдары әзірлеген инновациялық жобалар ұсынылған. Бұл жобалар батылдығымен және терең идеялығымен ерекшеленіп, еліміздің сәулеттік дәстүрінің ортақ генетикалық кодын көрсетеді.

ҚР Сәулетшілер одағының президенті Ғабит Садырбаев пен қазақстандық сәулет өнерінің аңызға айналған тұлғасы, академик әрі «KAZGOR» жобалық академиясының бірінші вице-президенті Тоқтар Ералиев құрметті қонақтар ретінде қатысып, көрменің қызыл лентасын қиды, сөйтіп көрмені ресми түрде ашты.

Студенттер алдында сөз сөйлеген Тоқтар Ералиев – Политехтегі сәулет мектебінің алғашқы түлектерінің бірі, ол өз естеліктерімен бөлісіп, болашақ сәулетшілерге кәсіби кеңес берді. Көрменің ашылуы Сәулетшілер одағының 90 жылдық тарихына тағзым ету ғана емес, сонымен қатар келешектің қалаларын жобалайтын «Сәулет» кафедрасының студенттеріне үлкен шабыт береді.

«Үш ұрпақ сәулеті» атты көрме экологиялық тұрақтылыққа, энергия тиімділігіне және қалалық жайлы орта қалыптастыруға бағытталған жобаларға ерекше көңіл бөледі. Бұл Сәтбаев университетінде қалыптасып келе жатқан жаңа буын сәулетшілер бүгіннің өзінде жаһандық сын-қатерлерге жауап бере алатын әрі жергілікті ерекшеліктерді ескеретін шешімдер ұсына алатынын білдіреді.

Сәтбаев университетінің Бас оқу ғимаратында орналасқан көрме келушілерге бір ай бойы ашық болады.

Жасампаздар сабақтастығы: Сәтбаев университетінде Қазақстан сәулетшілер одағының 90 жылдығына арналған көрме ашылды

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту