Душанбе қаласында академик Сәтбаевқа арнап мемориалдық тақта орнатылады
Душанбе қаласында көрнекті геолог-ғалым, Қазақ ССР Ғылым академиясының негізін қалаушы, Тәжік Ғылым академиясының тұңғыш құрметті мүшесі Қаныш Сәтбаевқа арнап мемориалдық тақта орнатылады деп ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарда айтылғандай, бұл туралы 1 наурыз күні Душанбеде Қазақстанның Тәжікстандағы өкілетті елшісі Нұрлан Сейтимов пен Тәжік Ғылым академиясының президенті Фарход Рахими талқылады.
«Достық екі елдің келер ұрпағы Ұлы ғалымның есімін мәңгілік есінде сақтауы үшін ҚР өкілетті елшісі Тәжік Ғылым академиясы ғимаратында Қ. Сәтбаевқа арнап мемориалдық тақта орнату туралы ұсынысын Ф. Рахими қабыл алды», – делінген жұма күнгі таратылған хабарламада.
СІМ-нің баспасөз қызметі айтқандай, Қ. Сәтбаев Тәжік Ғылым академиясын ашуды ұйымдастыру мәселесінде әріптестеріне белсенді түрде кеңес беріп отырды.
Кездесу барысында өкілдер екі ел ғалымдарының басым бағыттарда бірлесе жүргізетін зерттеулері туралы да сөз етті.