Ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
11–12 сәуір күндері Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде ҚР ҰҒА академигі Әбдіғаппар Әшімұлы Әшімовтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Макроэкономикалық талдау мен экономикалық саясат жөніндегі математикалық тәсілдер және ақпараттық технологиялар» атты екі күндік Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Информатика және басқару мәселелері институтының Жүйелі талдау және басқару зертханасының меңгерушісі Әбдіғаппар Әшімұлы Әшімов 1976–1985 жылдар аралығында Қазақ политехникалық институтының (қазіргі – ҚазҰТЗУ) ректоры қызметін атқарды. Осы жылдары институтта ауқымды жұмыстар атқарылды, атап айтқанда, пайдалы көлемі жағынан университеттің барлық көлемінің 80%-ын құрайтын ірі-ірі оқу ғимараттары іске қосылды, әртүрлі зертханалар ашылды, студенттерге арналған жатақханалар салынды және т.б.
Екі күнге созылған конференция жұмысына алыс-жақын шет мемлекеттерден келген ғалым-зерттеушілер де қатысты, ғалымдар Ресей, Әзербайжан, Иран, Польша, АҚШ, Жапониядан келді. Ал Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар институты – отандық ғылым өкілдері ретінде осы конференцияға атсалысты.
Екінші күні конференцияның нәтижелері қорытындыланып, оның резолюциясы бекітілді. Сонымен қатар ҚР ҰҒА академигі Әбдіғаппар Әшімұлы Әшімовты 80 жылдық мерейтойымен құттықтау рәсімі өтті. Ғалымның өмірі мен ғылыми қызметіне қысқаша шолу жасалып, жеткен жетістіктері жайлы сөз болды.
Академик Әбдіғаппар Әшімұлы Әшімовтың басшылығымен 10 ғылым докторы және 50-ден астам жас ғалымдар өздерінің ғылыми диссертацияларын қорғап шықты.