Қазақстан мен Гонконг арасындағы білім көпірі: CityU Сәтбаев Университетінің стартаптарына кеңес береді
CityU (City University of Hong Kong, Гонконг) делегациясы Сәтбаев Университеті оқытушыларымен және ғалымдарымен бірге болашақтағы ынтымақтастық қарым-қатынасты егжей-тегжейлі талқылады.
CityU – әлемдегі ең үздік және жылдам дамып келе жатқан университеттердің бірі, ол QS рейтингінде 62-орын алады. CityU мен Satbayev University арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынас қазақстандық студенттерге Гонконг қалалық университетінің серіктестік желісінің бөлігі болып табылатын әлемнің жетекші технологиялық компанияларында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.
– Сәтбаев Университетінде CityU филиалының ашылуы қазақстандық білім беру жүйесіндегі елеулі серпіліс болып табылады және қазір жүргізіліп отырған реформалардың тиімді екендігін көрсетеді», – деді халықаралық ынтымақтастық және стратегиялық даму жөніндегі бірінші проректор Самғат Ермекбаев.
Делегация құрамында университеттің Талант және жаһандық стратегия жөніндегі вице-президент Ли Вэн, профессор Майкл Тсе, CityU инновациялар жөніндегі вице-президенті және Инновациялық академиясының директоры, профессор Дженнифер Фен Лин, вице-президенттің жаһандық стратегия жөніндегі көмекшісі және кәсіпкерлік жөніндегі аға менеджер Колби Леунг болды.
Студенттермен және оқытушылармен кездесу кезінде профессор Ли Вэн бүгінгі таңда оқуда және бизнесте табысқа жету үшін, үнемі ізденіс үстінде болып, ақпарат алмасып отыру қажет екенін атап өтті.
– Сондықтан да біз осындамыз. Біздің осы ынтымақтастық байланысымыздың арқасында сіздер әлемдік аренада бәсекеге қабілетті болып шығасыздар. Сіздердің өте ақылды, өте еңбекқор екендеріңізді біз білеміз, алдағы күндердің бірінде сіздерді Гонконгта көреміз деп үміттенеміз, – деді профессор Ли Вэн.
Сапар барысында Сәтбаев Университетінің қолдауымен іске қосылған стартаптарды дамыту бойынша өткен тренингті IT саласындағы ең танымал ғалымдар мен өнертапқыштардың бірі жүргізді, оның кеңестерін әлемде Кремний алқабынан бастап, Еуропа мен Азиядағы технологиялық кластерлерге дейінгі технологиялық кәсіпкерлердің барлығы тыңдайды. Профессор Майкл Тсе өз ұсыныстары мен кеңестерін берді, сонымен қатар CityU-нің бірегей тамаша тәжірибесімен бөлісті, бұл тәжірибе университетке қысқа мерзім ішінде заманауи еңбек нарығының талаптарына бейімделген тиімді даму моделін жасауға және ғылым мен инновацияны дамыту арқылы коммерциялық табысқа қол жеткізуге мүмкіндік берген болатын.
Бұрын қол қойылған келісімге сәйкес, Material Science (материалтану), Artificial intelligence (жасанды интеллект) және Civil engineering (азаматтық құрылыс) қос дипломды бағдарламалары бакалавриат дәрежесі үшін «2+2» және магистратура үшін «1+1» форматында қайтадан құрылады. Бұл Satbayev University студенттеріне CityU дипломын алуға мүмкіндік береді, ал сапалы және беделді білім диплом иесіне үлкен перспективаларға жол ашады.