Қазақстанның тұңғыш антрополог ғалымы Оразақ Исмагулов Сәтбаев Университетінің студенттеріне өз кітабын таныстырды
Сәтбаев Университетінде Оразақ Исмагуловтың «Өмірімнің мәні мен сәні» атты кітабының тұсаукесері өтті, кітап AmalBooks баспасынан шыққан. Тұсаукесер рәсімін түркі көшпенділерінің мәдениетін зерттеу бойынша маманданып жүрген ғалым, ғылым докторы Нұржан Құлымжанов жүргізіп, модераторлық етті.
Профессор Оразақ Исмагулов – қазақтың белгілі антрополог ғалымы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Болонья Ғылым академиясының (Италия) корреспондент-мүшесі, ҚР ғылым және техника саласына еңбек сіңірген қайраткер, ол саналы ғұмырын физикалық антропология саласына арнаған. Тұсаукесер рәсімінде қатысушыларды ол өзінің ғылыми еңбектерімен және Қазақстанда антропология ғылымының даму тарихымен таныстырып, мамандық таңдау кезінде жас антропологқа Қаныш Сәтбаев қалайша ықпал еткені, сөйтіп туған халқының тарихын зерттеуге батасын бергені туралы айтты. Сондықтан да осы кітаптың тұсаукесер рәсімі автор үшін ерекше орын деп саналатын – Сәтбаев Университетінде өтті.
Университеттің Ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректоры Ержан Көлдеев Оразақ Исмагуловты кітаптың жарыққа шығуымен құттықтап, республика жастары үшін оның маңыздылығы мен танымдық құндылығын, автордың өмірі мен шығармашылығы әсіресе ұлттық тарихқа, қазақ халқының тарихына қызығушылық танытатын жастар үшін ерекше үлгі болатынын атап өтті.
Оразақ Исмагулов студенттермен қоштаса отырып, оларға ұзақ және кәсіби тұрғыда табысты өмір сүрулеріне батасын берді. Тұсаукесер рәсіміне жиналған қатысушылар мен тыңдаушылар – негізінен университет студенттері – авторды және оның кітабы туралы әңгімелерді өте жылы ықыласпен тыңдап, жақсы қарсы алды.