Көше фитнесі қарқынды дамуда
Көше фитнесі немесе воркаут – 2000-жылдарда бастау алып, көптеген елдерде қолдау тауып, қарқынды дамып келе жатқан спорттық ойындардың бір түрі. Қазір ол Қазақстанда да барынша дамып келе жатыр. Жаңа ғасырдың басында Youtube интернет желісінде бұл ойынның алғашқы бейнежазбалары көрсетіле бастады. Оның көпшілігі қала көшелерінде еркін түрде түсірілсе де, спортшының дене қимылдары өте қиын да күрделі еді. Дәл сондай спорттық дене қимылдарын 23 қыркүйек күні Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың жатақхана маңындағы спорт алаңында воркаут ойындары жарыстарының жеңімпаздары, кәсіби спортсмендер көрсетті.
«Mix team» командасының капитаны Валентин Лабецкий мен воркаут бойынша Қазақстан чемпионы, әлем чемпионатына қатысушы Александр Сташков өз шеберліктерін қалай шыңдағаны жайлы ойларымен бөлісті. Спортсмендер қатар қойылған қырлы бөренелер үстінде құстай ұшып, әртүрлі қимылдар жасады.
Осы шеберлік сағаты аясында университет студенттері чемпиондардың басшылығымен бірнеше ережелерді жылдам үйреніп алып, сол жерде өткізілген жарыстарға қатысты. Жеңімпаздарға университет басшылығы атынан және «Word Сlass» клубы атынан бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Студенттер күн сайын дене шынықтыру сабағында воркаут ойындарының ережелерімен танысып, оның нешетүрлі айла-әдістерін үйрене отырып, өздерінің дене бітімін де сәндейді, әрі шеберліктерін де шыңдауға мүмкіндік алады. Ал 2018 жылдың көктемінде өтетін келесі шеберлік сағатын олар асыға күтеді!