«Күміс университеті» мен француз делегациясы Қазақстандағы үшінші жастағы университеттердің дамуын және ҚКУҚ-тың халықаралық деңгейге шығуын талқылады

2025 жылғы 18 қыркүйекте Satbayev University базасында, Satbayev University-дің Автоматика және ақпараттық технологиялар институты (АжАТИ) негізінде құрылған «Күміс университеті» жобасы аясында, Франциядан келген делегациямен ресми кездесу өтті. Делегацияны Үшінші жастағы университеттердің халықаралық қауымдастығының (AIUTA) президенті Франсуа Веллас бастап келді. Сондай-ақ делегация құрамында AIUTA Басқармасының мүшесі Янка Себер Хладекка болды.
Сапардың басында қонақтар Қ.И. Сәтбаев мұражайы мен университеттің заманауи зертханаларын аралап, оқу орнының тарихы мен ғылыми жетістіктерімен танысты.
Одан кейін Satbayev University оқытушылары мен тыңдаушылары, сондай-ақ Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің өкілдері қатысқан кездесу өтті. Кездесу барысында аға буынға арналған білім беру бағдарламаларын дамыту, халықаралық тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Ерекше назар Қазақстандық Күміс университеттер қауымдастығының (ҚКУҚ) AIUTA аясында халықаралық деңгейге шығуына аударылды.
Бұл кездесу Қазақстанда аға буынға арналған білім беруді дамыту мен халықаралық әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.