Жарқын болашаққа: Сәтбаев Университеті ұжымдық шартқа қол қойды
Үстіміздегі жылы 17 қаңтар күні Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да алдағы екі жылдық ұжымдық шартқа қол қою рәсімі өтті. Келісімшартқа Басқарма тарапынан университет ректоры Мейрам Бегентаев, ал ұжымдық кәсіподақ ұйымының төрағасы Шолпан Өмірзақова ұжым өкілі ретінде қол қойды. Салтанатты іс-шараға университет Басқармасының мүшелері мен кәсіподақ комитеті қатысты.
Қызметкерлер – ғылымның негізгі қозғаушы күші дейтін болсақ, университет ұжымының алдында бір ғана екпінмен қол жеткізуге болмайтын үлкен мақсаттар тұр. Президент жолдауын жүзеге асыруға және халықаралық рейтингтер бойынша тұрақты түрде жоғарылап отыруға тек ұзақ мерзімді жүйелі жұмыс арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Сондықтан да Сәтбаев Университетінің басшылығы ұжымның тиімді жұмыс істеуі үшін барынша қолайлы жағдайды қамтамасыз етуге ұмтылып, жарқын болашаққа қадам басуда.
Сәтбаев Университетінің қызметкерлеріне арналған әлеуметтік пакет – қазіргі уақытта Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде ең ауқымды пакеттердің бірі болып табылады. Оның ережелері әрбір ғалым, оқытушы немесе әкімшілік қызметкерлер өз болашағына сенімді болуына бағытталған. 2022 жылдан бастап университеттің әлеуметтік пакеті мынадай болады:
Жұмыс уақытының жаңа кестесі:
- Ыңғайлы жұмыс кестесі, тек сағат 11.00-ден 15.00-ге дейін міндетті түрде жұмыс орнында болу керек;
- Аптасына 2 күн қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігі, яғни онлайн.
Қызметкерлердің денсаулығын нығайту бағдарламалары:
- Жұмыс уақыты кезінде спорттық-сауықтыру кешендеріне (медициналық тексеруден өтуге және спортпен шұғылдануға) тегін бару мүмкіндігі;
- Қызметкерлер мен олардың туған-туыстарының денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету бағдарламасы (Сheck up, скринингтер, аурудан кейінгі сауықтыру шаралары, күндізгі стационар, Anti-Age бағдарламасы және кәсіподақ қызметкерлеріне арналған медициналық қызметтің түрлері);
- Фитнес-клубтар мен бассейндерге абонементтер беру.
Демалысқа арналған жаңа мүмкіндіктер:
- Демалу және психологиялық тұрғыда жеңілдену бөлмелері, әлеуметтік маңызы бар басқа да объектілер;
- Қапшағай қаласындағы оқу полигоны базасында қызметкерлердің демалуына арналған кәсіподақ алаңы;
- Қазақстан аумағындағы демалыс орындары мен балаларды сауықтыру лагерьлеріне арналған жолдамалар;
- Мәдени-көпшілік, спорттық және корпоративтік іс-шараларды, тимбилдинг пен тренингтерді, шеберлік сабақтарын өткізу.
Ұзартылған демалыс күндері:
- Кіші қызмет көрсетуші персонал үшін ұзартылған ақылы демалыс күндері;
- Ақылы әлеуметтік демалыс күндері (вакцинация, тұрмысқа шығу/үйлену үшін, жерлеу рәсімдері, бала тууы, скринингтік зерттеулер, бірінші сыныпқа баратын балалардың немесе мектеп түлектерінің ата-анасы үшін);
- Қосымша ақылы демалыс күндері: көп балалы ата-аналар, мүгедек баласы бар ата-аналар, бухгалтерлер, медицина қызметкерлері, кітапханашылар үшін.
Материалдық көмек:
- Өмірдегі қиын жағдайлар кезінде (өрт, жол апаты, күрделі ота жасау, емделу, мүгедектік, ұзаққа созылған ауру, отбасы мүшелерінің бірі қайтыс болуы және т. б. жағдайларда) материалдық көмек көрсету;
- Бірінші рет некеге тұру кезінде материалдық көмек көрсету;
- Көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларына, жалғыз басты аналарға, мектеп жасына дейінгі мүгедек балалары бар отбасыларына;
- Азық-түлікті, дәрі-дәрмекті тегін тарату (төтенше жағдайлар кезінде).
Қызықты шараларға орай берілетін сыйлықтар мен сыйақылар:
- 14 жасқа дейінгі балаларға Жаңа жылдық сыйлық тарату. Осыған дейін тек 10 жасқа дейінгі балаларға ғана сыйлық берілетін.
- Мерейтойлық даталарға орай берілетін ақшалай сыйақылар.
Сондай-ақ жаңа ұжымдық келісімшарт Ректорлар кеңесі мен Ақсақалдар алқасының қызметін қамтамасыз етеді, бұл тамаша жоба университетте 30 жылдан астам үздіксіз қызмет етіп, жоғары оқу орнының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосып келе жатқан белгілі ғалым-профессорларды біріктіреді.
Сәтбаев Университетінің қызметкерлерін университетіміздің жаңа кезеңге аяқ басуымен құттықтаймыз!