Ақпарат:

Дәукей Серікбек Жүсіпбекұлы

Дәукей Серікбек Жүсіпбекұлы

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі

calendar
Оқу жылдары: 1967-1972 жж.
cap
Мамандығы: "Пайдалы қазбалар кен орындарын іздеу мен барлаудың геофизикалық әдістері"

1967 жылы мен В.И. Ленин атындағы ҚазПТИ-ға оқуға түстім, ол кезде бір орынға 14 талапкер болды. Геофизикалық факультеттің «Пайдалы қазбалар кен орындарын іздеу мен барлаудың геофизикалық әдістері» мамандығын таңдағаным тегін емес.

Бала кезімде (7 жасымда) мен ауылдың маңындағы Делбегетей тауында геолог-студенттерді кезіктірдім. Түнгі айдың тамаша жарығында оттың айналасына жиналған жастар ән салып, көңіл көтеріп отырды. Сол көрініс өмір бойы менің көз алдымда қалды және болашақ мамандығымды таңдауға себеп болды. Он төрт жасымда ата-анама айтпастан, Семей геологиялық барлау техникумына құжаттарымды тапсырдым. Алайда әкем біліп қалып, 10 сыныпты бітіргеннен кейін Алматыға ҚазПТИ-ға оқуға жіберетінін айтып, құжаттарымды қайтып алуға кеңес берді.

Олардың өмірлері ашық жарқын, қызық-қуанышқа толы.

Оқу кезінде маған физика пәні қатты ұнайтын, әсіресе,  сол пәннен беретін профессор Гульницкий. Оның дәрістерін ешқашан жазбайтынмын, тек үзбестен тыңдайтынмын. Емтихан кезінде ол бізге тиісті әдебиеттерді қолдануға рұқсат беретін еді. Қазір ойлап қарасам, ол кісі бізге сабақты жаттауды емес, ізденуді үйреткен екен.

Кафедра меңгерушісі Дмитрий Венедиктович Цветков пен геофизика факультетінің деканы Медхад Ганиевич Каримовты жылы лебізбен еске аламын, ол кісі студенттерге әкесі сияқты қатал әрі ерекше бір қамқорлықпен қарайтын еді. «Біздің қабылдау жоспарымыз бар, бірақ шығару жоспарымыз жоқ» - деген оның сүйікті сөзі болатын.

 2010 жылдары біз геофизика факультетінің бірінші деканы М.Г. Каримов атындағы аудиторияны аштық, шамамен сол жылдары, көзі тірі кезінде оның атындағы бірнеше атаулы шәкіртақылар тағайындалып, ғалым өзі оларды иегерлеріне тапсырды. Бұл енді бір ұмытылмас сәттер еді... Біз, студенттер, оған деген терең құрметімізді білдіруге мүмкіндік алғанымызға тағдырыма өте ризамын. Айтпақшы, сол кезде ол маған өзінің аңызға айналған дәптерлерінің бірін ескерткішке сыйлады (ондай дәптерлер көп болатын), оған студенттер туралы барлық мәліметтерді жазып жүруші еді – бағаларын, жат қылықтарын, марапаттарын және т.б.

Студент кездегі естеліктер қуанышты да, қайғы мен мұңды да оятады. Ал қазіргі ұрпақтың студенттік өмірі мүлде басқаша сияқты – көңілді, тәуелсіз, жаңа білімге, жаңа істерге толы, оқу, тәжірибе жинау, колхозда, ет комбинатында жұмыс жасау, қан тапсыру... Олардың өмірлері ашық жарқын, қызық-қуанышқа толы.

Геология мен геофизиканы өнер ретінде, поэзия ретінде қабылдаймын. Баршаға аян белгілі сөздерден туған поэзия сияқты: өлшемдер, сынамалар жасап, оған шығармашылық және ғылыми өнерді қосатын болсақ, одан шығатын мәліметтер белгісіз дүниелерді, Жердің құпия сырларын ашуға мүмкіндік береді.

Мен өз еңбек жолымды Іле геофизикалық экспедициясында бастадым, жетекшісі Акишев Төкіш Акишевич – ол өте қатал басшы және табысты геофизик, зерттеуші-ғалым, «Қазгеофизика» өндірістік геологиялық бірлестігін құрып, соны басқарған. Қазақстанның минералды-шикізат базасын дамытуға үлкен үлес қосқан, бірақ өмірінің соңғы жылдарында қоғам ұмытып кеткен осы көрнекті ғалымның құрметіне кейіннен сол ғимараттың қабырғасында (менің бастамам бойынша) ескерткіш тақта орнатылды.

Іле геофизикалық экспедициясында үнемі шығармашылық атмосфера болатын. Бұл осы саланың білікті мамандарын даярлап қана қоймай, сондай-ақ олардың әрқайсысын жеке тұлға ретінде қалыптастыруға да мүмкіндік берді. Өзімнің еңбек жолымда мен тарифтік-біліктілік анықтамалығындағы барлық деңгейлерден өттім – далалық сейсмикалық партияның геофизигінен бастап, «Қазгеофизика» өндірістік бірлестігінің бас геофизигіне дейін.

Біз оқып жүргенде, бізге іс жүзінде геологиялық зерттеулермен айналысатын геология шеберлері сабақ берді, олардан алған білімдеріміз болашақта Алматы қаласын қамтамасыз ететін Амангелді газ кен орнын ашуға көмектесті.

Геология мен геофизиканы өнер ретінде, поэзия ретінде қабылдаймын.

Осы уақытқа дейін мен Политехпен байланысымды үзгем жоқ, Алматы тәжірибе-әдістемелік экспедициясының жетекшісі болып қызмет етіп жүргенде, экспедиция жанынан біз кафедра бөлімшесін аштық. Ол кезде Политехте қазіргі заманғы жабдықтар мен есептеу техникасы болмағандықтан, кафедраның осы филиалы заманауи дәрежедегі геофизиктерді сәтті түрде даярлауға мүмкіндік берді.

1992 жылы министр Л.М.Трубников мені геология министрінің бірінші орынбасары қызметіне шақырғаны есімде. Мен оған министрліктің қызметінде ештеңе түсінбейтінімді айтып едім, ол маған: «... ия, маған барлығын қайтадан бастап, жаңа жолмен салатын адам керек ...» – деп жауап берді. ...Сөйтіп, мен келісім бердім. Бір жағынан, анам аулаға шыққанда, баласы министрдің бірінші орынбасары екенін мақтанышпен айтатынын көз алдыма елестеттім.

Жалпы, мен ешқашан лауазымға қызығушылық танытқан емеспін, олар маған тіпті ауыр салмақ салатын. Бар болғаны – геофизикалық партияның бас инженері болуды армандадым... Бұл лауазымға тағайындалған кезде қатты мақтандым және түпкі арманымның шегі осы деп ойладым. Одан кейінгі лауазымдар өздері келді: министр, Атырау облысының әкімі, Ұлттық ғылым академиясының президенті және бір мезгілде Қ.И.Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтының директоры. Мен бұл лауазымдардың бәріне сабырлықпен қарадым, бірақ өзімді әрқашан тау-кен инженер- геофизигі ретінде сезінетінмін. Бірақ қызметтерімді қуана-қуана атқардым, өйткені атақты Политех бізді нағыз техниктер ретінде тәрбиеледі, сонымен бірге геологиялық орта біздегі адами және кәсіби моральды анықтап, өмірде адал еңбек етуге, жасаған ісімізге аналарымыз бен балаларымыздың алдында ұялмауға мүмкіндік беретін құндылықтарды бойымызға дарыта білді.

Оқытушылық қызмет – өте ауыр жұмыс. Бұған тек кәсіби білім ғана емес, сонымен қатар педагогикалық шеберлік те қажет. Ал бұл - адамдарда өте сирек кездесетін қасиет. Жапонияда мұғалім қоғамдағы ең құрметті тұлға болып саналады және министрмен тең дәрежеде жалақы алып, автобуста оған орын беретіні тегіннен-тегін емес.

«Егер сіз елді өзгерткіңіз келсе, алдымен оның білім беру жүйесін жойыңыз» дегендей, мен, әрине, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-ды минералды-шикізат кешенінің ғылыми-білім беру орталығы ретінде көргім келеді. Өйткені біздің еліміз пайдалы қазбаларға өте бай болғандықтан, оның бәрі ғылыми қолдау мен жоғары білікті кадрларды қажет етеді. Сәтбаев университетінің жаңа атауы маған ұнайды, ол одан әрі гүлденіп, түлектері үшін, жалпы еліміз үшін зор мақтаныш болсын деп тілеймін!

Менде Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың үлкен бір кабинет көлеміндегі мүсіні бар, мен оны өзім білім алған оқу ордасы, қасиетті қара шаңырақ Политехке – Сәтбаев университетіне шын жүректен табыс етемін!

8 мамыр 2020 7364
Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту