«Байқоңырға» алғашқы сапар
Осы 2017 жылдың жазында «Космостық техника және технология» мамандығы бойынша «Космостық құралдарды пайдалану» кафедрасының студенттері «Байқоңыр» ғарыш алаңында өндірістік тәжірибеден өтті. Екінші курс студенті Шынар Жузиева сол күндергі алған әсерімен бөлісті.
«Байқоңырға» бұл біздің – «Космостық техника және технология» студенттерінің алғашқы сапары. Әрине, қуанышымызда шек жоқ, алған әсерімізді айтып жеткізу қиын.
Қасиетті Сыр өңірінің ұшы-қиыры жоқ мидай даласына келіп поездан түстік. Осынау мүлгіген шөл далада бой көтерген қалаға жақындаған сайын, кеңес дәуірінің көріністері көз алдымызға оралды: қаланың әрбір көшесінде ескерткіштер орнатылып, қолданыстан алынып тасталған космос аппараттары, ракета тәрізді жәдігерлер, Күн жүйесіне қатысты құрылғылар және т. б. қойылған.
Космос алаңы – әскери алаң болып табылады, сондықтан да ол сырт көзден тасада болуы керек. Бұл тұрғыдан алғанда, «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылысын жоспарлаған сәулетшілерге мың тағзым ету керек. Мұндағы ғимараттар мен ұшу алаңы сырт көзге еш көрінбейді, алып космодромның құрылысы ең кішкентай деталіне шейін дұрыс ойластырылған. Мысалға, қандай да бір бақытсыздыққа душар болған жағдайда жарылыс толқыны тиіп кетпеу үшін бақылау-басқару пункті өте алыс қашықтыққа орналастырылған.
Біздің күн тәртібіміз өте тығыз болды, бос уақыт деген мүлде жоқ. Ракета құрылысы мен ракета моделін құрастыру пәніне арналған күнделікті сабақ өте қызықты өтті, сондай-ақ космостық инженерия тақырыбына арналған фильмдерді тамашалап, жұлдыздар шоғырына бақылау жүргіздік. Тәжірибелі ұстаз, инженер, запастағы майор Вадим Анатольевич үнемі біздің қасымызда болып, өзінің білгенін бізге үйретуден жалыққан емес.
Бұл сапардан алған ең басты әсеріміз – кезінде Юрий Гагарин космосқа ұшқан алаңды, яғни № 1 алаңды өз көзімізбен көріп, соған табан тіреу болды. Шындығында, тәртіп бойынша оған 300 метрге дейін ғана жақындауға болады екен, суретке түсіруге тыйым салынған. Біз тек ұшу алаңы мен космостық аппараттарға арналған детальдарды ғана тамашаладық.
Сапарымыздың екінші бір өте қызықты сәті – Космонавтика мұражайына саяхатымыз болды. Мұражай алаңында Гагариннің космосқа ұшар алдында түнеп шыққан үйі тұр. Оның қасына атақты конструктор Сергей Королевтің үйі орналасқан. Ол 25 жылдан астам осы үйде тұрыпты. Таңқаларлығы – екі үй де өте қарапайым салынған. Әрі осында қызмет етіп жүрген адамдардың өз істеріне беріктігі, космосқа деген сүйіспеншіліктері таңқалдырады. Өйткені ауа райының қиындығы мен қолайсыздығына, облыс орталығынан қашықтығына және тиісті мамандардың жетіспеушілігіне қарамастан, космонавтар қиялдарын шындыққа, армандарын іске асырып, аспан мен жерді байланыстыра білді.
Ашық түндерде біз Марс, Венера және Сатурнның қозғалысын бақыладық, тіпті Айдың үстіңгі қабатын телефон камерасына түсіріп алу мүмкіндігі туды.
Өндірістік тәжірибе барысында біз ракета модельдеу пәніне баса назар аударып, сабақтың соңында қарай үйренген тәжірибеміз бойынша жарыс өткіздік. Жарыста Айдана Нұржанның ракетасы ұзаққа ұшып, жеңіп шықты.
Қорыта келе айтатыным: «Байқоңырда» алған тәжірибеміз біздің білімімізді кеңейтіп, алдағы оқуымызға азық болары сөзсіз. Оның үстіне біз «Қазкосмоста» қалайша тағылымдамадан өтуге болатыны жайлы біліп қайттық. Оқу бітіргеннен кейін арамызда біреуіміз сонда қызметке тұруымыз да мүмкін ғой. Ал әзірге бізге осындай тамаша мүмкіндік сыйлаған университет басшылығына, кафедра оқытушыларына деген алғысымыз шексіз!
Шынар Жузиева