Электронды және электр құралдарын экологиялық жою туралы естелік
Электронды және электр құралдарының құрамында кадмий, қорғасын, сынап, сүрме секілді химиялық қауіпті заттар болады, олар қоршаған ортаға ғана емес, сонымен қатар адам ағзасына да зиян келтіреді. Егер адам ағзасына түссе, ол заттар адамның бауырына, бүйрегіне, сүйектеріне және басқа да жерлеріне біртіндеп жиналып, онкологиялық ауруларға ұласуы мүмкін. Сондай-ақ лазерлі принтерлердің химиялық құрамында көміртекті полимерлер қосындысы, темір оксиді, қалайы, зиянды органикалық қосылыстар мен органикалық емес қосындылар бар. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, олар адамның басын ауыртып, дене қызуының көтерілуіне, жөтел мен селқостықтың пайда болуына әсер етеді екен.
Саусақтай ғана бір батарейканы қоқысқа тастаса, ол 20 куб метр топырақты немесе 400 литр таза ауыз суын улайды екен. Соның салдарынан экологияға да зиян келіп, адам денсаулығына қауіп төнеді.
ҚР Экологиялық кодексінің 301-бабына сәйкес, қоқыс жоятын алаңдарға көптеген зиянды қалдық түрлерін тастауға тыйым салынады. Атап айтқанда, жарылғыш заттардың қалдығын; өртке қауіпті және қышқыл бөлетін заттарды; даттандырғыш заттарды; құрамында сынап бар шамдар мен құралдарды; литийлі және қорғасынды қышқыл түзгіш батарейкаларды; электронды және электрлі құралдарды қоқысқа тастауға болмайды.
Әсіресе қолданыстан шыққан немесе сынып қалған электронды және электрлі құрал-жабдықтарды қалалық қоқыс жәшіктеріне тастауға мүлде тыйым салынады. Олардың құрамындағы қауіпті заттар адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтірмес үшін, оны істен шыққан электронды және электрлі құралдарды жинайтын арнайы орындарға апарып өткізіп, дұрыс өндірістік жолмен жойылуын қамтамасыз ету керек. Ондай өндіріс орындары Қазақстанның барлық қалаларында бар.
Қауіпті заттар қалдықтары ретінде: тұрмыстық техника (телевизорлар, магнитофондар, электрлі ойыншықтар, үтіктер, батарейкалар, фен, асүйлік құралдар, оның ішінде тоңазытқыш та бар), кеңселік техника (компьютерлер, ұялы телефондар, планшеттер, көшірме аппараттары, сканер, тонер және т.б.), құрамында сынап бар заттар (люминесценттік шамдар, электр үнемдегіш шамдар, градусниктер және т. б.).
Алматы қаласы бойынша электрондық қалдықтарды қабылдау орындарының картасы.