Ақпарат:

30 мамыр 2019 2882

Ғалымдарды біріктіру – табысқа апаратын жол

Ғалымдарды біріктіру – табысқа апаратын жол
Сәтбаев университетінің ғылым жөніндегі проректоры,
Металлургия және байыту институтының бас директоры,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, техника ғылымдарының докторы,
профессор Бағдаулет Кенжалиевтің авторлық мақаласы
 

Үстіміздегі жылы сәуір айында Пекин қаласында өткен «Бір белдеу – бір жол» форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жібек жолы экономикалық белдеуін құру идеясы халықаралық интеграцияны дамытудың, инвестиция тарту және бірлескен кәсіпорындар ашудың негізі болып табылады деп атап өтті. Бұл идеяны алғаш рет 2013 жылы Астанада Қытай басшысы Си Цзиньпин ұсынған болатын.

Жаңа идеяларды, жаңалықтар мен инновацияларды дамыту мақсатында Металлургия және байыту институты мен қытайлық BGRIMM технологиялық корпорациясы осы жылы 24 мамырда Пекинде өзара Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Оның басты мақсаты – бірлескен ғылыми-зерттеу орталығын ашу (ҒЗО). Орталық базасында тау-кен металлургия секторының кәсіпорындарына арналған бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, қосымша инвестицияларды тарта отырып, дайын технологияларды коммерциализациялау, сондай-ақ ғылыми-техникалық симпозиумдар, ғылыми конференциялар мен көрмелерді  ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.

BGRIMM Technology Group корпорациясының халықаралық дәрежеде аккредитацияланған және сертификатталған зертханалары бар екенін айта кету маңызды. Оның құрамында 11 ғылыми-зерттеу және жобалау институттары бар, олардың қызметі минералды ресурстарды өндіру және пайдалану, материалдар мен өнімдер өндірісіндегі алдыңғы қатарлы технологиялар, сонымен қатар минералды ресурстарды қайта айналдыру және қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық әрі инжинирингтік қызмет көрсетудің негізгі бағыттарымен тығыз байланысты.

Металлургия және байыту институтының түсті металлургия, сирек кездесетін және құнды металдар, пайдалы қазбаларды байыту мен материалтану саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша 75 жылдық тәжірибесі бар. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының ғылымды, білім беру жүйесі мен өндірісті біріктіру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында вертикалды-интеграцияланған құрылым: ұлттық зерттеу университеті – Сәтбаев университеті құрылды, ал «Металлургия және байыту институты» АҚ-ы оның құрамында негізгі роль атқарады.

Металлургия және байыту институтының ұжымы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық инвесторлар кеңесінің үстіміздегі жылы мамыр айындағы мәжілісінде айтқан жаңа мемлекеттік компаниялар құру мораторийі жөніндегі шешімдерін толық қолдайды. Ол кезде мемлекеттік компаниялардағы барлық рұқсат етілген қызмет түрлеріне тексеріс жүргізіп, олардың санын азайту жөнінде Үкіметке тапсырма берілген еді. Осыған орай «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына қатысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бәсекеге төтеп бере алмаған кәсіпорындарды жекешелендіру, жою, олардың активтерін бәсекелестеріне таратып беру қажет екенін бірнеше рет ескерткен болатын, бұл жаңадан еншілес кәсіпорындар ашуды тоқтатады деген-ді.

Зерттеу және өндіру саласындағы ынтымақтастық байланысты халықаралық дәрежесі бар бірлескен ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалары арқылы тиімді түрде іске асыруға болады. BGRIMM компаниясы, міне, минералды шикізат өндіру, пайдалы қазбаларды қайта өңдеу, металлургия, технологиялық минералогия, технологиялық құрал-жабдықтар жасау саласы бойынша әлемдегі жетекші ғылыми орталықтардың бірі болып саналады. Сондықтан да құрамында бірнеше ғылыми-зерттеу ұйымдары бар ғылыми-білім беру құрылымы – Сәтбаев университетінің дүниеге келуі өте маңызды деп санаймын. Оның мақсаты – еліміздің өнеркәсіп орындарын технологиялық тұрғыда жаңғыртуға бағытталған білім мен ғылымды әрі қарай біріктіру, жоғары білікті инженер кадрларын даярлау, мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыру, халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту болып табылады.

Бүгінгі таңда Металлургия және байыту институты тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Қытай, Түркия, Швейцария, Ресей және Өзбекстанның металлургия өнеркәсібінде жоғары сұранысқа ие болып отырған инновациялық өңдеулерге өте бай.

Ақпарат көзі: www.m.kazpravda.kz
Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту