Латын әліпбиі – тіл реформасының маңызды сатысы
Қазан айының басында Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқармасы «Мемлекеттік тіл – менің болашағым» ақпараттық-насихаттау шарасы аясында, әрі ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған қазақ тілін латын әліпбиіне біртіндеп көшіру жобасын талқылауға арналған «Латын әліпбиі тіл реформасының маңызды сатысы» атты тақырыпта кездесу өтті.
А.Машани атындағы Базалық білім беру институты қазақ және орыс тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға университет оқытушылары, қызметкерлері мен студенттері қатысты. Кездесуді институт директоры, ассистент-профессор Айгүл Саренова кіріспе сөзбен ашып, ассистент-профессор, ф.ғ.к. Хафиз Мұхамадиев «Жазу үлгісі дамуының жалпы заңдылықтары мен келешегі» туралы баяндама жасады.
Кездесу қонағы БжҒМ ҒК А.Байтұрсынұлы атынд. Тіл білімі институты директорының орынбасары, ф.ғ.к. Анар Фазылжанова «Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі» атты тақырыпта баяндама жасап, қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Ғалым Тіл білімі институтында жарық көрген «Латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшудің ғылыми негіздері» (2016) атты ұжымдық монографияны таныстырып, бұл мәселеге тек филолог мамандар, белгілі бір лингвистикалық топтар ғана емес, техника саласының ғалымдары, болашақ мамандар да белсенділік танытып, ой-пікірлерін ортаға салуды шақырды. Кездесуде кирилл, латын жазуының ерекшеліктері, латын әліпбиіне көшудегі түркітілдес мемлекеттердің тәжірибесі, тиімді-тиімсіз, ұтымды-ұтымсыз тұстары сынды өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.