Политех алға ұмтылуда
2017 жылғы 22 қыркүйек күні Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ басшылығының кезекті есеп беру жиыны өтті. Жиында алдымен сөз алған университет ректоры Ескендір Бейсембетов өзінің бір жылдық қызметіне шолу жасап, тындырған істері жайлы айтып өтті. Одан кейін сөз алған институт директорлары мен департамент басшылары да өздерінің бір жылдық қызметтеріне есеп беріп, жиынға қатысушыларды университеттің алдағы ғылыми және академиялық жұмыс жоспарларымен таныстырды.
«Біздің қызметіміздің ең түпкі негізінде ғылыми-зерттеу университетінің моделі білініп тұруы керек, – деді Е. Бейсембетов өз сөзінде. – Өйткені бұл мәселе жоғары мемлекеттік деңгейде талай рет талқыланған болатын. ҚазҰТЗУ-ды ғылыми-зерттеу университеті дәрежесіне көтеруде тек республика үкіметінің ғана емес, сондай-ақ өз оқу орнымыздың да көздеген мақсаты болды, ол – университеттің тұрақты дамуы үшін, оны ғылыми-зерттеу моделі бойынша даму жолына көшіру».
Осылайша келесі жылдан бастап елдің ежелгі техникалық оқу орны жаңа модель бойынша даму жолына аяқ басады, бұл өз кезегінде университеттің өмірі мен барлық қызметтерін толығымен қамтитын болады.
«Бұл мәселе қазірдің өзінде тиісті нәтиже беріп отыр. Қазір біз студенттердің санын азайтып, олардың сапасына баса назар аударудамыз, ғылыми-зерттеулік және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың көлемін ұлғайттық. Мұның бәрі экономикалық көрсеткіштерімізді жақсартып отыр. Өзіндік құнды қысқарту нәтижесінде университеттің еңбек өнімділігі 8%-ға артты. 2016 жылғы таза табыс жоспардағымен салыстырғанда 476,5 миллионға артты. Университет жалпы құны 891 миллион теңге тұратын 62 мемлекеттік тапсырыс және 30 индустриялық тапсырыс орындады, ал қызмет тиімділігі 0,75%-дан 6,44%-ға өсіп отыр», – деп атап өтті ректор.
Университет дәрежесін өзгерту жөніндегі бағдарламаны жүзеге асырудың алдағы жоспарлары да жасалған. Халықаралық дәрежедегі кәсіби шеберлік пен бәсекеге қабілеттілік – оның негізі болмақ. Оқытушылық қызметке өз ісінің ең үздік деген мамандары тартылып отыр. Университет бағдарламасындағы тағы бір жаңалық – Қазақстанда бұрын-соңды оқытылмаған, қазіргі заманғы мамандықтарды оқыту енгізілетін болады. Сонымен қатар келешекте университеттің ғылыми жобаларының практикалық маңыздылығына көбірек көңіл бөлінетін болады, профессорлар жүргізетін ғылыми жұмыстарға докторанттар мен магистранттар да да жұмылдырылады. Сөйтіп университеттің көптеген қызметкерлері инновациялық зерттеу қызметіне тартылатын болады, осының нәтижесінде стартаптар саны өсіп, өндіріс орындарында зерттеу жұмыстары көбейеді. Ал өндірістік тәжірибе мәселесі мен шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық қарым-қатынас мәселесі – ерекше қаралатын бөлек тақырып.
Сөйтіп, Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың алдағы басты мақсаты – индустриялық қарым-қатынасты ұлғайтып, елдің инновациялық дамуы мен дүниежүзілік дәрежедегі қабілеттілігін арттыруға үлес қосу.