«Сәтбаев оқулары» аясындағы конференция
12-сәуірде Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да «Шахмардан Есеновтың ғылыми мұрасы» ғылыми-білім беру Қоры аса көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 118 жылдығына орай «Сәтбаев оқуларын» өткізді. ҚазҰТЗУ-дың ауласындағы академик Қ.И.Сәтбаевтың еңселі ескерткішіне гүл қоюмен басталған игілікті шара, Т.Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтындағы ғылыми-практикалық конференцияға ұласты.
Институттың оқытушы-ұстаздары, бакалаврлар мен магистранттары қатысқан жиынды институт директоры Болат Құспанғалиев ашты. Содан соң, институттың білікті де білімді магистранттары көптен бері зерттеп жүрген салалары жөнінде баяндамалар жасады. Атап айтқанда, 1-курстың магистранттары Айтолқын Сатыбалды, Айымгүл Қалидоллина, Арман Кенжалин, Назерке Қуанышбай «Жылу электр станцияларының қоршаған ортаға зиянды әсерін кешенді талдау және оны азайту жолдары», «Биогазды пайдалану барысындағы энергетиканың заманауи құрылымдарына шолу», «Жылу жүйесіндегі энергоүнемді және энерготиімді технологиялар», «Өндірістік ғимараттарды жылытуға арналған инфрақызыл сәулелі оттық» тақырыптарындағы өздерінің ғылыми-зерттеулерін ортаға салды.
Конференцияда техника ғылымдарының кандидаттары, доценттер Күләш Әлімова, Күләш Нұрпейісова, техника ғылымдарының докторы, профессор Берікбай Ұнaсбеков сөз сөйлеп, жас ғалымдардың жұмыстарына шығармашылық табыс тіледі.