Ақпарат:

12 қараша 2024 1638

Сәтбаев университеті: 90 жылдық жетістіктер мен ғылыми жаңалықтар

Сәтбаев университеті: 90 жылдық жетістіктер мен ғылыми жаңалықтар

Алматы қаласында Қазақстанның ғалымдары, саясаткерлері мен жүйелік маңызы бар кәсіпорындарының басшылары жаппай роботтандыру мен цифрлық технологияларды енгізудің қиындықтары мен мүмкіндіктерін талқылады. «Төртінші өнеркәсіптік революцияның Еуразия ғылыми-инженерлік қауымдастығы алдындағы сын-қатерлері» атты халықаралық форум 22 елдің ғалымдарын жинады.

Форум академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына және еліміздегі тұңғыш техникалық зерттеу университеті – Сәтбаев университетінің 90 жылдығына арналды. Салтанатты жиынды Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев ашып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сәтбаев университетінің қызметкерлері мен ардагерлеріне жолдаған құттықтауын оқыды:

– Еліміз дамыған мемлекет болуы үшін, жастар ғылым мен заманауи технологияларды терең меңгеруі керек. Осы орайда сіздерге өте жоғары жауапкершілік жүктеледі. Бұл міндетті сіздер абыроймен атқарасыздар деп сенемін, сондай-ақ жас ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеумен айналысып жүрген университет ұжымына шын жүректен алғысымды білдіремін!» – делінген мемлекет басшысының Жолдауында.

Сәтбаев университеті: 90 жылдық жетістіктер мен ғылыми жаңалықтар

Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды өздерінің алдына биік мақсаттар қойып, жаңашылдыққа ұмтылуға, әрі тиімділікті арттыруға шақырып, осыған орай Сәтбаев университетінің базасында инженерлік білім мен ғылымдағы жаңа технологиялардың ғылыми-зерттеу хабын құруды тапсырған болатын, ол орталық еліміздегі жаңа техникалық жоғары оқу орындары үшін ғылыми-өндірістік базаға айналуы тиіс.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында университетте ғылыми-өндірістік база құрылуда, ол Қазақстанның барлық техникалық университеттері үшін қолжетімді болады. Ал форумға қатысушылар Сәтбаев университетінде жаңа ғылыми зертханалар мен инновациялық өндіріс орындарының ашылуына куә болды.

Сәтбаев университеті: 90 жылдық жетістіктер мен ғылыми жаңалықтар

Мысалы, жаңа MIT FabLab зертханасы Массачусетс технологиялық институтының (MIT) стандарттарына сәйкес заманауи құралдармен жабдықталған және ол дүние жүзі бойынша 3 мыңнан астам зертханадан тұратын FabLab халықаралық желісінің бір бөлігі болып табылады. Мұнда студенттер, ғалымдар мен өнертапқыштар өз идеяларын жүзеге асырып, жаппай өндірістің прототиптерін жасау үшін озық технологиялармен жұмыс істейді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек атап өткендей, ғылым мен өндіріс ынтымақтастығының әлемдік тәжірибесін кеңінен қолдану қажет.

– Америка Құрама Штаттарында ғылыми зерттеулердің 70 %-дан астамын жеке корпорациялар қаржыландырады. Ал бізде әлі күнге дейін ғылымды қаржыландырудың 80 %-дан астамы мемлекеттік бюджеттен түседі – бұл біздің гранттарымыз бен мақсатты бағдарламаларымыз. Бұл жағдайды түзеу үшін, университеттеріміз ғылыми ой орталығына айналуы үшін, біз бүкіл әлемге ашық болуымыз керек және бәрімен де ынтымақтасуымыз керек», – деді Ғылым және жоғары білім министрі зертхананың ашылу рәсімінде.

Сәтбаев университеті дәстүрлі өндірістегі инновацияларды дамыту мен оларды енгізуге бағытталған екі ірі жобаны жүзеге асыруда: тау-кен металлургия кешеніндегі инженерлік орталығы және STROYTECH технопаркі. Олар қазірдің өзінде Қазақстан кәсіпорындарына қызмет көрсету және тауарларды жеткізу бойынша 500 миллион теңгеден астам сомаға офтейк-келісімшарттарын жасасты.

Сәтбаев университеті: 90 жылдық жетістіктер мен ғылыми жаңалықтар

Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев форумға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде инженерлер мен ғалымдардың жаңа буынын даярлау үшін жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін белсенді түрде пайдалануға шақырды.

– Біздің бәріміздің алдымызда ауқымды міндеттер тұр», – деді ректор. – Біз білім экономикасына негізделген Қазақстан құрудамыз. Жаңа технологиялар жасауға қабілетті инженерлерді даярлаймыз, біз әрқашан алда болу үшін жұмыс жасаймыз. Соның нәтижесінде түлектердің көпшілігі техникалық жоғары оқу орындарын, оның ішінде біздің сүйікті университетті таңдайды», – деді Мейрам Бегентаев.

Форум жұмысына 200-ден астам ұйымдар мен кәсіпорындардың, қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының, елшіліктер мен консулдықтардың, соның ішінде «Қазақмыс», «ҚазМұнайГаз», «ҚазақГаз», Baker Hughes ZMS, Chevron, Zeta, Eurasion Resources Group, Halyk Bank, MIT, Sung Kyun Kwan University,  City University of Hong Kong, University of Glasgow, University of Applied Sciences Osnabrück, Nanjing University өкілдері және басқалар қатысты.

Форум аясында инженерлік кадрларды мақсатты түрде даярлау және еліміздегі өнеркәсіп орындарының технологиялық мәселелерін бірлесіп шешу бойынша бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Форум нәтижесі бойынша қабылданған қарарда атап өтілгендей, цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту жағдайында инженерлік білім беруді трансформациялау инженерлер мен ғылыми зерттеушілердің біліктілігіне жаңа талаптар қояды. Жаңа технологиялармен жұмыс істей алатын мамандарды даярлау үшін, білім беру бағдарламаларын жаңарту, инженерлерді теориялық және практикалық тұрғыда даярлаудың барлық деңгейлерінде икемді және бейімдеуге ыңғайлы оқу форматтарын құру қажет.

Сәтбаев университеті: 90 жылдық жетістіктер мен ғылыми жаңалықтар

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту