Сәтбаев Университеті академик Досым Сүлеевті 75 жылдығымен құттықтады!
Осы жылғы 7 наурыз күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ ректорлары кеңесінің төрағасы, композитор Сүлеев Досым Қасымұлының 75 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Досым Қасымұлын мерейлі туған күнімен құттықтау үшін, университет қабырғасында оның достары, қызметтестері мен студенттері жиналды.
Аты аңызға айналған Политехтың түлегі Досым Сүлеев бар өмірін ғылымға, шығармашылыққа және біздің бәріміз үшін жақсы дүние құруға арнады. Ол саяси қайраткер, жоғары ғылыми мектепті ұйымдастырушы, ғалым, спортсмен және музыкант, Қазақстандағы ең әйгілі ансамбльдердің бірін құрушы ретінде өте танымал.
Мектепте оқып жүрген кезінде ол музыкаға құмар болды, спортпен шұғылданды. Химия сабағынан қалалық олимпиаданың жеңімпазы, үстел теннисінен қала чемпионы атанған, сондай-ақ кларнет пен саксофонда ойнауды үйренген.
Досым Сүлеевтің есімі қалың жұртқа өткен ғасырдың 60-жылдарының аяғында танымал бола бастады, дәл сол жылдарда Қазақ политехникалық институтының қабырғасында студенттік «Дос-Мұқасан» вокалды-аспаптар ансамблінің құрылуы – қазақ эстрадасында бұрын-соңды болмаған қайталанбас құбылысқа айналды. Араға 35 жыл салып, 2001 жылы Досым Сүлеев Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры болды.
Досым Сүлеев – басқару және автоматтандыру, тіршілік қауіпсіздігі, заманауи білім беру технологиялары саласының маманы. Ол ассистенттен профессорға дейінгі барлық сатылардан өте отырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де шұғылдана жүріп, ұзақ жылдар бойы педагогикалық қызметпен де айналысты. Д. Сүлеев 75 ғылыми-әдістемелік еңбектермен қатар республика университеттерінің оқу үдерісінде қолданылып жүрген 8 оқулық кітап, оның ішінде 4 монография жазды.
Профессор Сүлеев еліміздің саяси өміріне де белсене қатысады. Ол «Қазақстан халық бірлігі одағы» қозғалысының бастауында тұрды, «Қазақстан халық бірлігі» партиясы саяси кеңесінің мүшесі болды.
– Сізді еліміздің жоғары білім беру жүйесіндегі талантты басқарушы ретінде білеміз, ал Қазақстанда әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің әндерін білмейтін жан жоқ шығар. Дәл осы күні Сізбен бірге болғанымды мақтан тұтамын. Шығармашылық өнер мен ғылымды әрқашан қатар алып жүруге болады деген сөздің дәлелі ретінде Сізді шәкірттерімізге үлгі етіп көрсетеміз, – деді Мейрам Бегентаев құттықтау сөзінде. Сондай-ақ Досым Сүлеевтің елімізге сіңірген ерен еңбегі мен тұлға ретінде кеңінен танымал екендігін ерекше атап өтті.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын оқыған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті Мұрат Жұрынов, Ректорлар кеңесінің ғылыми хатшысы Ұлықпан Есілханұлы Сыдықов, Сәтбаев Университетінің Ақсақалдар алқасы мен Ректорлар кеңесі құрметті академик Досым Қасымұлы Сүлеевті мерейтойымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Бұдан бөлек, салтанатты шараға жоғары білім мен ғылымның белгілі өкілдері, құрметті ұстаздар, көрнекті ғалымдар, профессор Досым Сүлеевтің әріптестері мен шәкірттері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Жиналған қауымға Досым Сүлеев зор алғыс білдіріп, біздің отандастарымыздың ғибратты өмірбаянына арналған «Өнегелі өмір» («Нравственная жизнь») атты кітаптар топтамасын сыйға тартты.