Сәтбаев университеті «Алматы электр станциялары» компаниясымен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды
«Алматы электр станциялары» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ерік Маширов пен Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Қол қойылған меморандум – университет пен энергетика саласының ірі кәсіпорны арасында ұзақ мерзімді және жемісті әріптестік орнатудағы маңызды қадам. Келісімнің мақсаты – студенттердің кәсіби дайындығын дамыту ғана емес, сонымен бірге ғылыми зерттеулерді бірлесіп жүргізу, инновациялық өнімдерді әзірлеу және ғылыми-техникалық жобаларды іске асыру.
Мейрам Бегентаев «Алматы электр станциялары» кәсіпорнымен серіктестік арқасында университеттің ғылыми зерттеулері мен мамандарды кәсіби даярлау саласындағы мүмкіндіктері кеңейтілетіндігіне сенім білдірді. Екі тараптың бірлескен күш-жігері жоғары технологиялар саласында жаңа белестерге жетуге ықпал етіп, өндірістік мәселелердің тиімді шешімдерін жасауға әкеледі.
Ерік Маширов өз кезегінде серіктестіктің табысты дамитынына сенім білдіріп, ғылым мен инновация саласындағы бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды. Ол университет тәжірибесі мен компанияның инфрақұрылымының арқасында тараптар озық технологиялар мен шешімдерді жасай алатынын атап өтті. Бұл ынтымақтастық тек өз саласының ғана емес, жалпы республика экономикасының да ілгерілеуіне ықпал ететінін айтты.
Осылайша, осы Меморандумға қол қою екі тарап үшін де маңызды жетістік болып табылады және олардың алдында бірлескен жұмыс пен ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту үшін кең перспективалар ашады.