Сәтбаев университеті Әскери іс институты түлектеріне әскери шен берілді
2019 жылы 14 қазан күні Сәтбаев университеті Әскери іс институтында Әскери кафедраны сәтті аяқтаған түлектерге «запастағы лейтенант» шенін беруге арналған салтанатты жиын болып өтті.
Мерекелік жиынға Ректор аппаратының басшысы Берік Мықтыбаев, Әскери іс институтының басшысы Берік Қайнарбаев, отставкадағы генерал-лейтенант Болат Дарбеков және университет басшылығының өкілдері, Әскери іс институтының профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері, студенттердің ата-аналары мен қонақтар қатысты.
Былтырғы жылдары Әскери іс институтын басқарған генерал-лейтенант Дарбеков Қорғаныс министрлігінің өкілі ретінде осы жиынға арнайы Нұр-Сұлтан қаласынан ұшып келді. Өйткені сол жылдарда қабылданып, енді бітіріп отырған түлектерді өзі арнайы құттықтау үшін келді. Генерал-лейтенант Дарбеков жас лейтенанттарға алғашқы погон тапсырып, осы мерекелі күні оларға мол сәттілік тіледі.
Офицерлер қолынан барлығы 250 түлек погон алды. Мерекелік жиынның соңы әскери дайындық шеруі мен салтанатты митингке ұласты. Аталмыш мерекеге арнайы шақырылған ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Радиотехника және байланыс әскери институтының оркестрі салтанатты жиынды сазды әуендермен қыздыра түсті. Ал түлектер болса бір-бірін құттықтап, естелік суреттерге түсті.
Сәтбаев университетінің ұжымы да Әскери іс институтының түлектерін тамаша қуаныштарымен құттықтап, Тәуелсіз Қазақстанның одан әрі гүлденуі жолында аянбай еңбек етіп, өз үлестерін қоса беруге тілек білдіреді!