Сәтбаев Университеті Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институты жанынан АКТ Huawei академиясы ашылды
Сәтбаев Университеті өз территориясында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АТК) бойынша білім беретін Huawei академиясын ашты. Академияның ашылу салтанатына Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының өкілетті өкілі Андрей Праскурин, Сәтбаев Университетінің Ректоры Мейрам Бегентаев, академиялық мәселелер жөніндегі Проректор Бақыт Жәутіков, ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Проректор Әлібек Шоқпаров, сондай-ақ Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институтының директоры Раиса Өскенбаева қатысты.
Huawei Authorized Information and Network Academy ғылыми-білім беру жобасы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған.
Осы мақсатта білім берудің соңғы технологияларымен жабдықталған арнайы зертханалар ашпақшы. Мұндай зертханалар студенттерге Huawei компаниясының технологияларына қол жеткізуге мүмкіндік береді және АКТ саласы бойынша дарынды студенттерді сертификаттау бағдарламалары арқылы одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Huawei командасы HAINA ғылыми-білім беру жобасын алғаш рет 2017 жылы Қазақстанда іске қосты. Академия Huawei ІСT Academy және Huawei Talent Online деп аталатын жеке курстарды ұсынады. Ал академия ұсынатын кәсіби білім мен дағдылар бүгінгі таңда мемлекеттік секторда, IT саласында, банктерде және басқа да қаржы институттарында жоғары сұранысқа ие болып отыр.
Академияның ашылу салтанатында Сәтбаев Университеті мен Huawei компаниясы алдағы қарым-қатынастық байланыс жолдарын талқылап, өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.