Сәтбаев Университеті аймақтармен жұмыс жүргізуді жалғастыруда
Үстіміздегі жылы 24 наурыз күні Сәтбаев Университеті мен Қарағанды облысының әкімдігі өзара қарым-қатынас туралы меморандумға қол қойды. Биылдан бастап еліміздің тұңғыш техникалық университеті Қарағанды өңірінің өндіріс орындарына қажетті кадрлар даярлауға, бірлесіп конференциялар өткізуге және жоғары техникалық білім беру саласындағы басқа да бастамаларға қолдау көрсетпекші.
Бірлескен жұмыс жүргізу аясында оқу үдерісін цифрландыру, өндірістік тәжірибеден өту, жаңа технологиялар мен ғылыми жаңалықтарды насихаттау және оларды Қарағанды облысының өндірістік кәсіпорындарына енгізу бойынша жобалар жоспарлануда.
Аймақтарға қолдау көрсету – Сәтбаев Университеті қызметінің маңызды бөлігі болып табылады. Бұған дейін Жамбыл, Павлодар, Батыс Қазақстан және басқа да облыстармен осындай меморандум жасалған болатын. Университеттің бір ғасырға жуық жинақталған тәжірибесі мен саналы білімі еліміздің барлық аймақтарының игілігіне қызмет етеді.