Сәтбаев университеті бәріне де ашық: Мәжіліс депутаттарымен бірге инклюзивті білім беру мәселесі талқыланды

Сәтбаев университетінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен кездесу өтті, кездесудің тақырыбы инклюзивті білім беру мәселелеріне арналды. Іс-шараға сарапшылар, оқытушылар, ерекше қажеттіліктері бар адамдар қоғамдастығының өкілдері және қолжетімді орта тақырыбына бей-жай қарамайтын жандардың барлығы жиналды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Таңсәуле Серіков білім беру барлық жандарға бірдей қолжетімді болуы үшін мемлекет пен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің атқарып жатқан істеріне кеңінен тоқталды:
– Ерекше қажеттіліктері бар жандар өздері қалаған университетте оқуға құқылы. Тек олардың қолайлы және қолжетімді ортада кедергісіз оқуына жағдай жасау керек. Олар көмекке мұқтаж деген стереотипті бұзатын уақыт жетті. Оларға көмек қажет емес, оларды тек қолдау керек, әрі олар да оқу үдерісінің толыққанды мүшесі болуына мүмкіндік беру керек», – деді депутат.
Мәселені талқылауға қоғам қайраткерлері мен инклюзивті қоғамдастық өкілдері де қатысты. Қазақ соқырлар қоғамы басқармасының мүшесі Александр Грушевский денсаулықтың шектелуі толыққанды өмір сүруге ұмтылуға еш кедергі емес екенін баса айтты:
– Қолжетімділік – есікке кіре берістегі пандус қана емес, ол мүмкіндігі шектеулі жанның жасына қарамастан өмірге, оқуға, жұмысқа деген құштарлығы, толыққанды өмір сүруге деген талпынысы. Мысалы, менің жасым 55-те, мен әлі де оқығым келеді. Ең бастысы – мүмкіндік беру, ал күш те, тілек те, талап та бізде жетіп артылады, – деді Александр.
Білім беру үрдісі барлығына бірдей қолжетімді болуы үшін, Сәтбаев университеті көптеген практикалық қадамдар жасауда. Университет ерекше қажеттіліктері бар студенттерге арналған мемлекеттік гранттар бағдарламасына алғашқылардың бірі болып қосылды, әрі Инклюзивті білім беруді қолдау және сүйемелдеу орталығын ашты. Орталық білім беру бағдарламаларын жаңартумен айналысады және ерекше қажеттіліктері бар студенттермен жұмыс істеу үшін оқытушылардың біліктілігін арттыруға көмектеседі. Сондай-ақ студенттерге онлайн режимде оқуға және сурдоаудармашы қызметін пайдалануға мүмкіндік беріліп, оқу материалдарын Брайль қарпімен басып шығаруға арналған машина сатып алынуда.
Парламент депутаттары Таңсәуле Серіковпен және Ерлан Әбдиевпен кездесу қоғам мен парламентшілер арасындағы байланысты нығайтудың маңызды алаңына айналды, ал Сәтбаев университеті білім алып, дамығысы келетін жандардың барлығына бірдей әрқашан ашық екендігін тағы бір рет растады.