Сәтбаев университеті экономиканың нақты секторымен ынтымақтастықты нығайтуда
Сәтбаев университетінде қазіргі заманғы екі ғылыми-зертханалық кешен: тау-кен металлургия кешені бойынша Инженерлік орталық және құрылыс пен құрылыс материалдары саласы бойынша «Stroytech» технологиялық паркі жұмыс істей бастады, олардың қызметі пайдалы қазбаларды өндірудің озық технологияларын енгізуге және инновациялық құрылыс материалдарын әзірлеуге бағытталған.
Зертханалар академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына және Сәтбаев университетінің 90 жылдық мерейтойына арналып өткізілген «Төртінші өнеркәсіптік революцияның Еуразияның ғылыми-инженерлік қауымдастығы алдындағы сын-қатерлері» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға орай ашылды
Зертханалардың ашылу салтанатына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, өндіріс өкілдері, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік жетекші университеттердің ғалымдары қатысты.
Тау-кен металлургия кешеніндегі Инженерлік орталық еліміздің тау-кен өнеркәсібінің тиімділігін арттыру мақсатында зерттеулер жүргізетін бірнеше мамандандырылған зертханаларды біріктіреді.
Eurasian Resources Group бас директорының технологиялар және операциялық қызмет жөніндегі орынбасары Йохен Бербнер орталықтың ашылуы Қазақстанның қолданбалы ғылымы мен инновациялық дамуы үшін үлкен маңызға ие болып отырғанын атап өтті:
– Жаңа зертханалардың мүмкіндіктері бізге ғалымдармен бірге минералды және техногендік шикізаттың сапасын бағалаудың толық циклін жүргізуге – яғни өнімді байыту мен қайта өңдеуден бастап, соңғы өнімді шығаруға дейінгі жұмыстарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мысалы, геомеханика және геотехнология ғылыми-зерттеу зертханасы тау жыныстарының физика-механикалық қасиеттерін анықтау үшін заманауи сервогидравликалық жүйелерді пайдаланады. Зертхана ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым қоры мен Ғылым комитетінің қаражатына Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі мен ERG ғылыми-инженерлік орталығының қолдауымен құрылды. Офтейк-келісімшарттардың арқасында жабдық құнының 65 %-ы өтелді. Қазіргі уақытта зертхана Қазақстандағы алтын өндіруші жетекші компаниялардың бірі – «Алтыналмас» компаниясы үшін екі ірі жобаны жүзеге асыруда.
«Stroytech» ғылыми-зерттеу технопаркі полимербетон негізінде композиттерді, сондай-ақ тау-кен металлургия кешенінің қалдықтарынан инновациялық құрылыс материалдарын әзірлеумен және олардың өндірумен айналысады. Халықаралық сәулет академиясының профессоры Андрей Черниховтың айтуынша, жаңа зертханалар болашақ құрылысшылар мен сәулетшілерге материалдардың табиғатын тереңірек түсінуге көмектесетін болады:
– Сәулетшілер материалдар арқылы оның табиғаты пен өмір сүру қасиеттерін сезінулері тиіс. Егер студент компьютерлік ақпарат әлеміне ғана сүйенетін болса, онда ол адамдар үшін үйді неден және қалай салу керектігін түсінбейді, ал оның ойындағы үйлер жақын арада «виртуалды» болып қалады, – деді профессор.
Сәтбаев университеті ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамыта отырып, әрі төртінші өнеркәсіптік революцияның сын-қатерлерін еңсеру үшін ғылыми әлеуетті нығайта отырып, елдің болашағына зор үлес қосуда.
Зертханалық кешеннің ашылу салтанатында «Қазақмыс» корпорациясының Басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев 1980 жылдары Жезқазған кен орындарынан табылған кендер мен минералдардың үлгілерін университетке табыс етті:
– Сәтбаев университеті ғылым мен прогрестің символына айналып отыр. Бұл өз жобаларымен танымал болған университет: өзіндік жиһаз жасаудан бастап, біздің кәсіпорындарда селенді қайта өңдеу сияқты жаһандық бастамаларға дейін. Университетке алдағы уақытта жаңа табыстар тілеймін! Ынтымақтастық қарым-қатынасымыз жемісті және ұзақ мерзімді болады деп сенемін», – деді Нұриев.